«Ауыл аманаты»: Кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетілді
Атырау облысы Мақат ауданында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алған азаматтар кәсібін дөңгелетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы жолдауында кәсіпкерлікті дамытуды, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдауды ел экономикасының басымдығы ретінде атап өткен еді. Осы орайда ауданда 12 жоба бойынша кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетілген.
Мемлекеттен қолдау алып, кәсібін жүргізіп отырған жандардың бірі – Алтынгүл Азаматова. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиенің арқасында 15 бас сиыр алып, ет сата бастаған. Біртіндеп жылқы, қой еттерінде қосқан. Қазір жеке дүкенін ашып, тұрғындарды ет, ұн өнімдерімен қамтып отыр. Сондай-ақ жергілікті 5 адамды тұрақты жұмысқа алған.
Алтынгүл Азаматова, кәсіпкер:
Үкіметтен тағы қолдау болса, ары қарай дами бергіміз келеді үлкейіп. Үлкен цех ашып, бұйырса дүкеніміздің екінші нүктесін орталықтан ашқымыз келеді.
Ал Айбек Тампиев 10 жылдан бері шар бизнесімен айналысады. Әуелі үйінен басталған кішігірім хоббиі бүгінде үлкен кәсіпке айналған. Оның бірінші агронесиеден, кейін ауыл аманаты бағдарламасынан қолдау тапқан жобасы бүгінде аудан қажеттілігіне жарап тұр. Көше билбордтары, стэнд, баннер дайындап, мерекелік іс-шараларды безендіру Айбектің мойнында.
Жобаның үлкен септігі тиді. Бізге үлкен жеңілдік болды. Себебі бұған дейін біз екінші деңгейлік банктен несие алған болатынбыз. Оны өздеріңіз білесіздер, пайызы үлкен. Мына 2,5 пайыз деген бізге үлкен жеңілдік.
Өткен жылы қараша айында іске қосылған бағдарлама арқылы бүгінге дейін 12 жоба қолдау тапқан. Оның біреуі ауыл шаруашылығы кооперативі болса, қалғаны шағын және орта бизнес. Басым көпшілігі кәсібіне қажетті құрал-сайман алуға, ғимарат жабдықтауға қаражат алған. Игі жоба жыл соңына дейін жалғасады.
Биылғы жылы біздерде бекітілген нақты шекті мәні жоқ. Бірақ биыл біздерде 10 жоба мақұлданып, 98 млн 700 мың теңге қаржылай қолдау алды. Тағы да келіп жатқан тұлғалардан құжаттар қабылдануда.
Жалпы облыс бойынша бағдарлама аясында құны 600 млн теңге болатын 59 жоба мақұлданған. Оның ішінде ет-сүт өнімдерін тереңірек өңдейтін кәсіпорындар, мал азығына қажетті құрама жем шығаратын комбинат секілді өңір үшін өзекті салалар қамтылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы