Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Педагогтердің айлығы 100%-ға өскен

Елімізде шамамен 600 мыңдай педагог бар. Бүгінде мемлекет тарапынан ұстаздардың жағдайын жасауға үлкен көңіл бөлініп отыр. Атап айтсақ, елімізде мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы заң қабылданды. Соңғы 5 жылда педагогтердің жалақысы 100 пайызға өсті. Биылдың өзінде 60-қа жуық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мұғалімдердің жұмысын жеңілдету үшін оқу бағдарламасына жасанды интеллект те енгізілді.
Өткен жетіде аймақтарда 4 нысан пайдалануға берілген
Өткен аптада өңірлерде 4 нысан пайдалануға берілді: Алматы облысында сусындар зауыты, Солтүстік Қазақстанда нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер зауыты, Көкшетауда жаңартылған теміржол вокзалы және Қарағанды облысында «Нұра» қосалқы станциясының екінші автотрансформаторы іске қосылды.
Атыраулық шебер қобызды балық терісімен қаптаған
Атыраулық қолөнерші ұлттық өнерге жаңаша леп әкелді. Ол жайынның жұп-жұқа терісімен қапталған ерекше қобыз жасап шықты. Шебер бұл туындысына бір жыл уақыт жұмсаған. Балық терісін арнайы тәсілмен өңдеп, қобыздың сыртын қаптаған. Тіпті аспаптың пішінін де балық пен уылдырыққа ұқсатып жасаған. Мамандардың айтуынша, жайын терісі қобыздың үніне өзіндік реңк беріп, жұмсақ әрі нәзік дыбыс шығарады.
Туристер Алматы облысына ₸3,9 млрд пайда әкелген
Алматы облысының бюджетіне биыл туризмнен 3,9 млрд теңге түсті.  Қаңтар-маусым айларында мегаполис 263 мыңнан астам туристті қабылдаған. Оның 113 мыңнан астамы шетелдік. «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктерінде демалған.


Бөлісу