Маңғыстаудағы мұнайшылар мәселесі шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудағы мұнайшылар мәселесі шешіледі

12.04.2023

Маңғыстаудағы мұнайшылар мәселесі жөнінде депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысына сауал жолдады. Аймақтағы өзекті мәселені шешу үшін «Самұрық-Қазына Әл-Ауқат Қорының» қызметіне біршама өзгеріс енгізу қажет дейді. Ең алдымен қара алтынды өзге елге төмен бағада сатуға шектеу қою маңызды. Ал компаниялардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көпжылдық келісім-шартқа отыру жағын қарастырған жөн.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбек ақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілі болады.

Ал Бас прокуратураның өкілі Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылар босатылғанын айтты. Бес адам бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін ескерту алған. Олардың барлығы үйлеріне қайтарылды. «ҚазМұнайГаз» бен жұмысшылар арасында арнайы комиссия құрылып, қызметкерлердің ұсыныс-талабы қарастырылып жатыр. Комиссия құрамында 10 мұнайшы бар.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Бұл мәселені шешу үшін КазМұнайГаз, сондай-ақ Энергетика министрлігінің басшылық құрамы осы жұмысшылармен кездесу өткізді. Оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дәл бұрынғы еңбек жағдайы және дәл бұрынғы жалақысын сақтай отырып, маңғыстаудағы басқа компанияларға жұмысқа кіру ұсынылды.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу