Әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдерін өз еркімен пайдаланады
Елімізде әскери қызметшілер мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемдерін кеңінен қолдана алады. Яғни төлемдерін баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға және үлестік құрылысқа қатысуға пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұған дейін тек баспана сатып алуға, ипотекалық қарызды өтеуге және тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыруға ғана болатын. Сондай-ақ үйді жалға алу үшін төлемдерді пайдалану мерзіміне қатысты шектеу жойылды және әскерилер жалдау шартын міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізіп әуре болмайды. Тағы бір мүмкіндік – бұрын жақын туыстарынан үйді жалға алуға немесе сатып алуға тыйым салынатын. Енді бұл тыйым да күшін жойды. Сондай-ақ бұрын төленетін ақшаның көлемі үйдің 90 шаршы метрге дейінгі аумағымен шектелетін. Бұл талап та алынып тасталды. Бірақ маңызды міндеттеме бар. Әр жылдың 25 қаңтарына дейін жұмыс орнына екі анықтама өткізіп тұру қажет. Біріншісі – өзінің және отбасы мүшелерінің атында басқа жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы, екіншісі тұрғын үй төлемдері түсетін арнайы шот бойынша банктен анықтама өткізіп отыру қажет.