Басты Жаңалықтар Иран мен АҚШ 60 күндік бітімге келді

Иран мен АҚШ 60 күндік бітімге келді

АҚШ пен Иран атысты тоқтау туралы бейбіт келісімге қол қойды. Өзара түсіністік меморандумы 60 күн барлық майдандағы әскери әрекеттерді тоқтатуды, Тегеранға салынған санкцияларды жеңілдетуді және Иранды қалпына келтіру қорын құруды көздейді. Егер келіссөздер сәтті аяқталса, текетірес тыйылмақ.

60 күндік бітім. Иран мен АҚШ Өзара түсіністік туралы меморандумды бекітті. АҚШ президенті Дональд Трамп Үлкен жетілік саммиті кезінде Версаль сарайында құжатқа қол қойды.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

Иран мен АҚШ келісімге келді. Мәміле қақтығысты аяқтауға, бейбітшілікке қол жеткізуге, Ормұз бұғазын ашуға, 60 күндік мерзімде ядролық, баллистикалық зымыран мәселелеріне қатысты келісімге келуге жол ашады деп сенем. Жұмысты жалғастырамыз. Бұл біз үшін де жақсы жаңалық. Мұнай, газ бағасы төмендейді.

Келісімге президент Масуд Пезешкиан қол қойғанын Иран да растады.

Эсмаил Багаи, Иран СІМ ресми өкілі:

Иран мен АҚШ арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қос тарап та қол қойды. 60 күн ішінде екінші жақ аймақта әскери белсенділігін арттырмауы немесе жаңа санкция жарияламауы керек.

Яғни бұл меморандум сәуірде жарияланған уақытша бітімді тағы 60 күнге ұзартады. Осы уақыт ішінде тараптар түпкілікті бейбіт келісімге келуі керек. Сәрсенбіде Трамп әкімшілігі «Үлкен жетілік» саммитінде журналистерге 14 пунктен тұратын құжаттың мәтінін оқыды. Бастыларына тоқталсақ.

Өңірде барлық майданда, оның ішінде Ливанда соғысты дереу тоқтату;
30 күн ішінде Иран порттарын америкалық блокададан босату;
Ормұз бұғазын ашу;
Иранның қалпына келуі мен дамуына 300 млрд доллар бөлу;
Тегеранға қарсы барлық санкцияны алып тастау;
Иранның ядролық қаруды иеленбеуі.

Трамп бұл әзірге меморандум ғана, ал оның орындалуы Иранның әрекеттеріне байланысты деп мәлімдеді. Бұған қоса екі айда бейбіт келісім жасалмаса, Иранды қайта бомбалайтынын ескертті. Ал Иранды қалпына келтіруге бөлінетін 300 млрд доллар үшін АҚШ міндет алмайды. Тек Таяу Шығыстағы серіктестерімен бірлесе Иранның дамуына қатысты жоспар құруға ғана уәде берді. Сонымен бірге тараптар Ормұз бұғазының келешегіне қатысты айқын ұстанымға келмеген сыңайлы. Трамп су жолы таяуда толық ашылып, кеме қатынасы тегін болатынын мәлімдеді. Ал Иран билігі Ормұз бұғазында қозғалыс үшін төлем енгізілуі мүмкін екенін меңзеді

Мұхаммед Багер Қалибаф, Иран парламентінің спикері:

Мен бұған дейін Ормұз бұғазы ешқашан бұрынғы қалпына келмейтінін жазған едім. Бүгін де сол көзқарасты ұстанам. Бұл біз халықаралық құқықты немесе кеме қатынасы ережелерін елемейміз дегенді білдірмейді. Тек халықаралық құқық шеңберінде әрекет етеміз.

Тағы бір айта кететіні, АҚШ-пен бітім жасағаннан кейін Иран мұнайын қайта эскпорттай бастады. Танкерлер АҚШ әскери-теңіз күштерінің блокадасынан босаған. Алғаш болып жолға шыққан екі кемеде 3,8 млн баррель мұнай тиелген. Тағы бір ирандық танкер 1 млн баррель энергетикалық шикізатты артып діттеген бағытына шықты.


Бөлісу