Басты Жаңалықтар Ғалымдар Каспий теңізін бақылайтын цифрлық жоба дайындады

Ғалымдар Каспий теңізін бақылайтын цифрлық жоба дайындады

Каспийдің жағдайын қадағалайтын жаңа цифрлық жоба әзірленді. Ақтаулық ғалымдар ойлап тапқан шағын құрылғы теңіздегі өзгерістерді онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Ол арнайы қалтқыға орнатылып, су температурасын және ластану деңгейін тұрақты өлшейді. Жиналған мәліметтер радиобайланыс арқылы бірден құрлықтағы мамандарға жіберіледі. Жобаның тиімділігін Аягөз Оралбайқызы зерделеп көрді.

- Біздің теңізде 16 буй орналасқан. Температура, ластану деңгейі, мұнайдың таралу деңгейі және де тұздылығы, қышқылдылығы туралы ақпарат нақты уақытта келіп тұр.

Жасанды интеллект арқылы жасалған «ақылды датчиктер» теңіз бетінде тұратын арнайы қалтқыларға орнатылады. Олар әр 10 минут сайын су құрамындағы өзгерістерді талдап, мәліметтерді базаға тіркейді. Егер теңізге мұнай немесе басқа да зиянды заттардың түскені анықталса, жүйе бірден дабыл беріп, мамандарға хабарлайды.

Ескендір Қыдырбаев, жобаны үйлестіруші:
Біз судың деңгейін білу үшін судың өзін алып, арнайы зертханада оның құрамын зерттеп, уақыт өткеннен кейін ғана айта аламыз осылай болды деп. Бұл контроллер бізге нақты уақытта судың деңгейінде не болып жатқанын көрсетеді. Соны көру арқылы біз проактивті іс-қимылдар жасай аламыз. Алдын алу шараларын. Оны болдырмауға болады.
Бұл стартапты ІТ саласында тәжірибесі бар екі ғалым бірлесіп әзірлеген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ескендір Қыдырбаев пен жергілікті университет студенті Ырысжан Сансызбай жобаны жүзеге асыруда. Құрылғының ақпаратты өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін арнайы платаны жас өнертапқыш зертханада өз қолымен жасап шығарған.
Ырысжан Сансызбай, өнертапқыш:
Бұл платаны өзіміз ойлап тапқан құрылғының «миы» деуге де болады. Қажетті тетіктерін дәнекерлеген соң код жазып, схеманың жадына құйдық. Құрылғыны ауылшаруашылығы, мұнай және газ өндіру саласында қолдануға болады. Мәселен мұнай ұңғымасына орнатылса, қоршаған ортаға зиянды зат таралуына алдын алуға мүмкіндік туады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Каспийдің экологиялық жағдайы мәз емес. Соңғы жылдары жағалаудан өлі итбалықтар жиі табылуда. Теңіз сүтқоректісінен бөлек, бекіре тұқымдас балықтардың да өлуі қоғамды алаңдатып отыр. Сондықтан ақтаулық ғалымдар ойлап тапқан құрылғы теңіздегі өзгерістерді дер кезінде анықтап, экожүйені бақылауға мүмкіндік бермек.
Данияр Әкімжанов, «Қазақ балық шаруашылығы және аквамәдениет» РҚ облыстық филиалының басшысы:
Табылған жерлерден сынама аламыз да, әрі қарай шықпаймыз. Жағажайдан алысқа шығып, бейтарап аймақта немесе бізге күнбатыста көрші мемлекеттің үлкен мұнай ұңғымалары тұр. Тегеран конвенциясында да, Каспий маңы елдері арасында келісім бар біздерде, ақпарат алмасуға. Мүмкін келесі жағадан кеткен өрескел қателіктен біздің жағажайлар зардап шегіп жатқан шығар.
Айта кетсек, биыл көктемде теңіз жағалауынан екі жүздей өлі итбалық табылды. Мамандардың болжамынша, олар ашық теңізде қырылып, кейін қатты жел мен ағыс әсерінен жағаға шығып қалған.


Бөлісу