Мәжіліске алты партия өтуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліске алты партия өтуі мүмкін

20.03.2023

Сайлауға қатысқан жеті партияның алтауы Парламентке баруы мүмкін. Exit poll нәтижесі осыны көрсетті. Дегенмен, бұл нақты әрі соңғы қорытынды емес. Алдын ала қорытындыны Орталық сайлау комиссиясы жариялайды. Әлеуметтік сауалнама бойынша «Amanat» алға шықты. Exit poll зерттеулеріне сүйенсек, партия электораттың 53 пайыздан астам дауысын жинады. Саяси ұйым Төрағасы Ерлан Қошанов партияластарын сайлаудағы жеңісімен құттықтап, алдағы жұмыста сәттілік тіледі. Аманатқа сенім артқан халыққа алғыс айтты. Кандидаттар үгіт-насихат барысында 4 миллионнан астам адамды қамтыған 40 мыңнан астам іс-шара өткізген.

Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:

Біз жеңістің байрағын желбіреттік. Бүгін әділ әрі әдемі жеңіс болды деп есептеймін. Таза тең бәсекеде жеңіске жеттік. Алты партия келді. Қазақстанның тарихында тұңғыш рет алты партия еніп отыр. 5 пайызды өтіп. Бұл деген үлкен жаңалық. Ең бастысы бұл жеңіс реформаларға деген халықтиың сенімі.

Exit poll қорытындысы бойынша «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы сайлауда 10,52 пайыз дауысқа ие болды. Түнгі он екіде саяси ұйым мүшелері нәтижеге бірге куә болды. Партия төрағасы Әли Бектаев әріптестерін құттықтап, нәтижеге көңілі толатынын айтты. Сондай-ақ, шекті дауыс жинаған және қатысқан партияларға сәттілік тіледі.

Әли Бектаев, «АУЫЛ» ХДП партиясының төрағасы:

Халық өзінің таңдауын жасады. Ауыл партиясына дауыс берген азаматтарға рахмет айтқымыз келеді. «Ауыл» партиясының бұл жетістігі Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан Конституциялық реформалардың бір көрінісі. Әсіресе, жаңа Қазақстандағы әділеттіліктің бір көрінісі деп айтуымызға болады.

Ал, «Respublica» партиясы сайлауда үшінші болды. Олар халықтың 8,9 пайыз дауысын жинады. Бұл көрсеткішке партия өкілдерінің бәрі бірге куә болды. Өңірдегі штабтармен онлайн байланысып, телекөпір ұйымдастырды. Партия жетекшілері барша жақтастарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта қызу жұмысқа кірісетіндерін айтты.

Айдарбек Қожаназаров, «Respublica» партиясының төрағасы:

Әрине, біздің талабымыз кем дегенде екінші орын болды. Бірақ былай қарасақ біздің тіркелгенімізге екі-ақ ай. 18 қаңтарда біздің партия тіркелді, бүгін 19 наурыз. Екі ай бір күннің ішінде осындай жетістікке келгеніміз жақсы көрсеткіш. Біріншіден, бүкіл біздің жақтастарымызға үлкен рақмет. Мың алғыс. Біздің шынайы жұмыс 20 наурыздан басталады.

Қазақстан халық партиясының өкілдері де экзитпол нәтижесіне қатысты пікір білдірді. Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес 6,93 пайыз дауыс жинаған. Республикалық штаб мүшелері бұл ақпаратты өздерінің бас кеңсесінде тікелей эфирден тыңдады. Қоғамдық бірлестік Парламентке өтуге қойылатын межені еңсерді.

Асхат Асылбеков, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ төрағасының орынбасары:

Exit poll туралы айтты. Оның нәтижесін біз естідік. Президент Тоқаев саяси реформалар бастаған оның нәтижесін біз көріп отырмыз. Жалғыз мандаттық округтен жүздеген кандидаттар шықты. Мәжіліскеде шықты. Ол үлкен жеңіс деп ойлаймын. Және екі партия келді. Оларда өз үлесін қосайын деп тұр біздің саяси өмірге.

Exit poll нәтижесі бойынша «Байтақ» жасылдар партиясы 3,22 пайыз дауыс жинады. Сауалнаманы Еуразиялық интеграция институты жүргізді. Астанадағы бас штабта партия жетекшісі партияластарына, табиғат жанашырлары мен барша жақтастарына алғыс білдіріп, осы бағыттағы жұмысын бұдан кейін де жалғасатынын жеткізді.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

Exit poll нәтижесі бойынша «Ақ жол» партиясы 7,87 пайыз дауыс жинады. Осылайша, саяси ұйым 4-ші орыннан көрінді. Мәжіліс депутаттығына 65 кандидат ұсынылған еді. Әлеуметтік сауалнама нәтижесін aқжолдықтар сайлауалды штабында тыңдады. Партия төрағасы Азат Перуашев Сайлаушыларға алғысын айтып, әріптестеріне сәттілік тіледі.

Азат Перуашев, «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Мен алдымен барша ақжолдықтарды, бізді қолдаған сайлаушыларды қазір жариялаған нәтижемен құттықтаймын. Бұл үлкен нәтиже, расында да, біз, міне, осы науқан үстінде талай жұмыс атқардық. Барша аймақтарды аралап шығып, бір атаның баласындай мына өзіміздің жұмысымызды көрсетуге тырыстық. Ең алдымен, өзіміздің мемлекет басшымызды Қасым-Жомарт Кемелұлын құттықтағым келеді. Себебі осы сайлау арқылы былтырғы жылы бастаған конституциялық реформасының жаңа кезеңіне келіп отырмыз.

Еуразиялық интеграция институты жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы 5,31 пайыз дауыс жинады. Саяси ұйым төрағасы Асхат Рахымжанов партия өкілдерін құттықтап, көрсетілген нәтижеге көңілі толатынын жеткізді. Айта кетейік, бірлестік атынан Мәжіліс депутаттығына 19 кандидат ұсынылған.

Асхат Рахымжанов, «Жалпыұлттық-социал демократиялық» партиясының төрағасы:

Республикалық штабта Exit poll қорытындысын тамашаладық. Нәтижемен таныстық, тікелей эфирде естіп көрдік. Көңіл-күйіміз жақсы. Партия өкілдерін құттықтадым. Өте қуаныштымыз. Барлық сайлаушыларға алғыс білдіреміз.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу