Си Цзиньпин Қытай Халық Республикасының төрағасы болып қайта сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Си Цзиньпин Қытай Халық Республикасының төрағасы болып қайта сайланды

10.03.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді Қытай Халық Республикасының төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады. «Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз байланыстардың ауқымы жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын аса ризашылықпен атап өтемін»,-делінген жеделхатта.

«Өткен «екі сессия» қорытындысы бойынша қабылданған маңызды шешімдер мен Сіздің парасатты саясатыңыз халқыңызды биік құндылықтарға жетелеп, Қытайдың болашағын жарқын, ал дамуын баянды етуде мызғымас негіз болатынына нық сенімдімін. Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз байланыстардың ауқымы жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын аса ризашылықпен атап өтемін. Осы жетістіктеріміз Сіздің қосып отырған сүбелі үлесіңіз бен жеке қолдауыңыздың нәтижесі деп білемін. Былтыр қыркүйекте Қазақстанға жасаған нәтижелі сапарыңыз ықпалдастығымыздың келесі «30 жылдық алтын дәуіріне» жол ашқаны ерекше қуантады».

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының сессиясында, Қытай лидері, үшінші мерзімге Мемлекет басшысы болып қайта сайланды. Сондай-ақ Си Цзиньпин ҚХР Орталық әскери кеңесінің төрағасы қызметіне де қайта бекітілді. «Би-Би-Си»-дің мәлімдеуінше, алдағы күндері жаңа премьер мен түрлі министрлер тағайындалмақ. Еске салайын, Бейжіңде өтіп жатқан Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының жыл сайынғы сессиясы наурыздың 13-не дейін жалғасады. Елдің алдағы жылдардағы даму бағытын көрсеткендіктен, бұл саяси шара әлем назарында.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу