Грузияда дау тудырған заң жобасы кері қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грузияда дау тудырған заң жобасы кері қайтарылды

09.03.2023

Грузияда бірнеше күнге созылған шерулерден кейін "Шетел агенті" туралы заң жобасы бүгін кері қайтарылды. Аталған құжатты наурыздың 7-сі парламент бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Құжатқа сәйкес, бюджетінің 20 пайызын өзге елдерден алатын ұйымдар ресми түрде «шетелдік агент» ретінде тіркелуге тиіс. Болмаса оларға айыппұл салынады. Оппозицияның айтуынша, құжат Еуропа одағының ережелеріне қайшы, елді авторитаризмге итермелейді және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына көп кедергі жасайды. Ал биліктегі партия құжат Ұлы депрессия кезіндегі америкалық заңнама үлгісімен жазылғанын алға тартты. Грузия астанасы Тбилисиде демонстранттар екі күн бойы парламент ғимараты алдында шерулетті. Бұдан кейін құжатты парламентке ұсынған басқарушы "Грузин арманы" және "Халық күші" партиялары қоғам пікірін ескере отырып, бүгін заң жобасын кері қайтарғанын жариялады. Дегенмен билік шеру тарқағаннан кейін қоғамға заң жобасының маңыздылығын түсіндіруге тырысатынын мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу