Үйде отырып әлемнің кез-келген түкпіріне саяхат жасауға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үйде отырып әлемнің кез-келген түкпіріне саяхат жасауға болады

28.02.2023

Руслан Нұрланұлы, тілші:

80-ші жылдардағы вагон үлгісімен жабдықталған мына купеде отырып, құдды пойызбен кетіп бара жатқандайсыз. Бұл зейнеткердің бір ауық тынығып, өткенге ой жүгіртетін сүйікті орны. Темір жол саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Рамазан Түсіпов өз мамандығын ерекше сүйеді. Әрі немерелеріне үлгі болсын деп осындай купені жабдықтап қойған.

Вагон купесі зейнеткердің немерелері үшін ең сүйікті ойын бөлмесіне айналған. Жазғы демалыста алыстан келетін балаларын Рамазан ақсақал асыға күтіп жүр. Әр керует тұсында олардың есімдері жазылған. «Мұнда тамақтанса балалардың тәбеті жақсарып, тіпті ұйқысы да тыныш болады. Себебі пойыз дыбысы ерекше әлдиге бөлейді»,-дейді зейнеткер. Купедегі аспалы төсек, жарық шамдар, тіпті киім ілгіш пен ыдыс-аяқ бәрі шынайы. Ал, терезе орнына теледидар орнатылған.

Рамазан Түсіпов, теміржол саласының ардагері:

Мен үйде жүріп жұмысты әбден сағындым. Осы купені қалайда жасаймын деп шешітім. Себебі теміржолшы үшін бұл өте ыстық дүние. Істен шыққан купе бөлшектерін жинай бердім. Ақыры құрастырып шықтық. Осында отырып кейде өзім де демаламын. Кітап, газет-журнал оқимын.

43 жыл бойы локомотив депосында жұмыс істеген ардагер алғашқыда қарапайым слесарь болған. Құрметті демалысқа шықса да мұнда жиі келіп, қоғамдық жұмыстарға атсалысады. 1500 адам еңбек ететін депо ұжымындағы қызметкерлердің дені Рамазан Түсіповтың шәкірттері.

Арман Жантасова, локомотив депосының қызметкері:

Біздің керемет тәлімгеріміз болды ол кісі, жастарға үлгі болды. Осы Теміржол саласында қаншама жастарды тәрбиелеп, дұрыс жолға салып, қызметі тығыз, уақыт жетпесе де бізге қазақ тілі кабинетін ашуға ол кісінің септігі молынан тиген. Психологтың кабинетін дайындап беруге ол кісі біраз көмек жасаған. Әлі күнге сол кабинет жұмыс істеп тұр. Біздің машинистер, көмекшілері сол жерде сыннан өтеді.

Түсіповтар әулетінің темір жол саласына жалпы сіңірген еңбек өтілі - 250 жылдан асады. Атасы Үсен мен әкесі Байкен де шойынжолда өмір бойы жұмыс істепті. Ал қазір кіші ұлы мен жиені осы салада табысты еңбек етіп жүр. Теміржолшы мамандығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан еңбекқор жандардың шаңырағында мына купе ерекше естелік болып қала бермек.

Руслан Нұрланұлы 

Хабарламаларға жазылу