Су тасқыны қаупі бар аймақтарда 700 мыңнан астам адам тұрады – ТЖМ
Бүгін қыстың соңғы күні. Енді көктем келіп күн жылиды, қар ериді. Оның зардабы биыл да орасан болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша су басу қауіпі бар елді мекен саны 250-ден асады. Онда тұратын 700 мыңға жуық адамды қорғау үшін жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Десе де министр кейбір әкімдіктердің көктемгі тасқынға дайындығы көңіл көншітпейді дейді.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Өңірлердегі аудандарда шағын елді мекендерде тасқынға қарсы дайындық төмен. Төтенше жағдайлар қызметкерлері әкімдіктерге 179 ескерту парағын берді. Әсіресе Павлодар, Түркістан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында тасқынға қарсы шараларды қолға алу қажет.
Ильиннің «қолға алу қажет» деп қолқалауы бекер емес. Синоптиктердің айтуынша биыл қар қалың. Оның үстіне көктемде жауын шашын көп болады дейді. Сондықтан қазірден қамданбаса кеш болуы мүмкін. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Ақмола, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстарында тасқынға қарсы дайындықты күшейту керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия министрі мен өңір әкімдері жолдарды көпірлерді су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын.
Тағы бір мәселе Шардара мен Көксарай су қоймаларының деңгейі. Олар қазірдің өзінде 98 пайызға толып тұр. Алда жалда арнасынан асса, Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы елдімекендерді су басуы мүмкін.
Досжан Маратұлы, тілші:
Сондықтан премьер суды аз-аздан ағызып, қойманы жартылай босату қажет деді. Айта керлігі еліміздегі осындай гидротехникалық нысандардың 60 проценті әбден тозған. Сол үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті әкімдерге оларды жөндеу жүктеліп отыр.
Досжан Маратұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы