Мектептегі қауіпсіздік қағаз жүзінде ғана қамтамасыз етілген бе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептегі қауіпсіздік қағаз жүзінде ғана қамтамасыз етілген бе?

19.02.2023

Қоғамда резонанс тудырған жайт. Петропавлда мектеп оқушысы білім ордасына пышақ пен балта алып кіріп, үш баланы жаралады. Осыдан кейін жауапты органдар орта білім ошақтарын жаппай тексеруге кірісті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы 7 мыңнан астам мектептің 85 пайызында мамандандырылған күзет қызметі жұмыс істейді. Ал тең жартысы бейнебақылау камерасымен қамтылған. Бірақ қағаздағы жақсы көрсеткіш Астана, Алматы сияқты үлкен қалалардың арқасында шығарылған сияқты. Өйткені солтүстік пен оңтүстік аймақтардағы тілшілеріміз өз облыстарында қауіпсіздік жағы ақсап тұрғанына көз жеткізді. Кей мектептерде камера істен шықса, енді біріне әркім емін-еркін кіре береді. 

Эльмира Кәленова, тілші:

Әр ата-ана бауыр етінің жақсы адам болғанын, сапалы білім алғанын қалайды. Бұл – заңдылық. Осы мақсатпен де сіз бен біз күн сайын ұрпағымызды мектепке әкелеміз. Жуырда ғана Петропавлда болған оқиға тұрғындарды алаңдатып отырғаны рас. 2021 жылы Татарстанның Қазан қаласында болған оқиғаны да көпшілік ұмыта қойған жоқ. Осы жағдайдан сабақ алдық па? Білім ошақтарындағы қауіпсіздік қандай? Шағын тәжірибе жасап, бірге анықтап көрейік.

Жас Өркен ауданындағы 40-шы мектеп. Ғимаратқа еш қиындықсыз кіріп, екінші қабатқа өттік. Бөгде адамдардың жүргенін еден жуушы ғана аңғарды. Турникет жоқ. Есесіне металл іздегіш құрал бар. Бірақ ол іске жарамсыз болып шықты. Осылай қаладағы бірнеше мектепке бардық. Түрлі уәж айтып, жеке куәлік көрсеттік. Ішке кіруге рұқсат алу еш қиындық туғызған жоқ.

Ботагөз Сұрағанова, облыстық Дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат вахтері:

Мектептің балаларын осы жерден қарсы аламыз. Ата-аналары әкеліп тастайды. Осы жерде аяқ киімдерін ауыстырып, сыныптарына өтеді. Құдай бетін аулақ қылсын, оқыс жағдай болып қалса, мына түймені басып, көмек сұраймыз.

Аңғарғанымыз – барлық білім ошақтарында зейнет жасына жақын әйел адамдар жұмыс істеп жүр. Олар мектепке шабуыл жасалса, тетікті басуға ғана қауқарлы екені айтпаса да түсінікті.

Ержан Жиренбай, Оқу-ағарту министрлігі комитетінің басшысы:

Мектептердің 85 пайызы күзетпен қамтамасыз етілген. Ал енді барлық мектептерде бүгінгі күні бейнебақылау камералары бар. Ал бұл жерде туындап отырған мәселе – бұл нұсқаулық былтыр қабылданды. Ал бейнекамералар бұрыннан орныластырылып қойған. Қазір жергілікті әкімдіктер, жергілікті атқарушы органдар бұл камераларды ауыстыру бойынша да жұмыс жүргізіп жатыр.

Камералардың да аты бар, заты жоқ болып шықты. Бұл Түркістан облысындағы Жетісай ауданы Жылысу ауылындағы орта мектеп. 700-ден аса бала білім алатын нысанда бар болғаны 8 бейнекамера орнатылған. Оның екеуі істен шыққан. Тағы бір олқылық, келеңсіз жағдай бола қалса, оны полицейлер орталық бақылау жүйесінен көре алмайды.

Бауыржан Әуелбеков, М.Шоқай атындағы мектеп директорының орынбасары:

Полицияның орталық жүйесіне біздің мектептің бейнекамерасы қосылған жоқ, себебі – интернет баяу, жай жұмыс істейді. Екінші ғимаратымыз бар мына жақта. Ол жақта ешқандай камера жоқ. Әжетханамыз да сол жақта.

Ал Кетебай ауылындағы білім ошағындағы жағдай мүлде қиын. Бейнебақылау камераларының дәлізде қалқиып тұрғаннан басқа пайдасы жоқ. Әлдеқашан істен шыққан.

Ақарыс Дүйсенбекұлы, Ә.Молдағұлова атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

Бұл туралы біз білім бөліміне бірнеше мәрте ұсыныс бердік. Хатпен шықтық. Бірақ әлі мамандар келіп тексерген жоқ. Енді алдағы уақытта келіп тексереді. Одан бөлек, тағы 18 камераға ұсыныс бердік.

Өмір Есқали осы мәселені зерттеп жүргендердің бірі. Журналист мектептегі қауіпсіздік тек қағаз жүзінде қамтамасыз етіліп отырғанын айтады. Ол білім ошақтарына қарулы күзет қажет деп есептейді.

Өмір Есқали, журналист:

Президент 2021 жылы Татарстандағы жағдайға байланысты көңіл айтып, нақты-нақты тапсырмалар берді. Орындалған жоқ. 2022 жылы наурызда Ғылым-білім министрлігінің арнайы ережесі шықты. Қауіпсіздік шараларын күшейту туралы. Ол орындалған жоқ, бізде. Көбінесе отпискамен былай, қағазбен шығарып салумен айналысады ғой, бәрі.

13 ақпан күні Петропавлда болған жағдай жұртты елең еткізді. Таңертең сабаққа барған 4-ші мектептің шәкірттері үшін әдеттегідей қоңырау емес, дабыл соғылды. Білім ошағына балта ала барған бала дәретханада маска киіп алып, жоғары сынып оқушыларына шабуыл жасамақ болған. Үш оқушыны жарақаттаған. Екеуі ауруханаға жеткізілген. Кейін күдіктінің психикалық ауытқушылығы бары анықталды. Ал мамандар қазір дені сау балалардың бойында да агрессия байқалатынын айтады. Оған себеп көп. Негізгілері - буллинг немесе отбасындағы жағдай.

Зарина Қаһарман, психолог:

Баласына кем дегенде 10-15 минутын бөліп, хал-жағдайын сұрап, сезімдерін сұрап, кім ренжітті, кім қуантты саралап отыру керек. Бала агрессиясын, ашу-ызасын, өкпе-ренішін сөзбен жеткізіп үйренеді. Олай етпеген жағдайда күш қолдануды әдетке айналдырып кетеді.

Бұл оқиғадан соң сенатор Нұртөре Жүсіп Қазақстанда ешқандай заңда бала мен мектеп қызметкерінің қауіпсіздігі мәселесі қамтылмағанын айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.

Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:

Бұл бағыт бойынша елеулі ғылыми база біздің елімізде жоқ. Оқушылардың психологиялық портретін жасау, Отбасының әлеуметтік жағдайын анықтау, депрессияға не агрессияға бейім балаларды алдын-ала оқшаулау жағы мүлдем ескерілмейді. Әлемде және Ресейде мұндай тәжірибе бар. Екінші бағыт бойынша көпсатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек.

Проблемаға қайғылы жағдай болғанда ғана назар аударылатыны - шындық. Әрине, мектептегі қауіпсіздік – Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Бірақ мемлекеттен бөлек, ата-ана да баласы үшін жауапкершілікті алуы тиіс. Бұл – жазылмаған заң.


Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу