Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы Парламент құрамына кіруге ниетті 7 партияның үміткерлерін анықтады. Осылайша 69 депутаттық мандаттан 281 адам үмітті. Олардың орташа жасы - 45.
19 үміткер 29 жасқа дейінгі жастар болса, 80 әйел кандидат ретінде ұсынылды. Тізімде 12 ұлттың өкілі бар. Бүгін Орталық сайлау комиссиясында жеребе тартылып, әр партия өкілі бюллетеньдегі реттік нөмірін таңдады.
«Amanat» партиясы бірінші. Одан кейін «Ауыл», Respublica, Қазақстан Халық партиясы, «Байтақ» партиясы, «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.
Ал өзін-өзі ұсынған кандидаттардың нақты тізімі ертең жарияланады. Соңғы дерек бойынша 329 адам тіркелген. Сондай-ақ, насихат науқаны басталмай жатып, үгіт жүргізгендер туралы да белгілі болды. Бас прокуратура дәл осындай 5 заңбұзушылықты анықтаған. Оның біреуі - талдықорғандық азамат. Ол WhatsApp желісінде үгіт жүргізген үшін сот қаулысымен айыппұл төледі.
Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
Ал төрт кандидатқа қатысты, бұл Астана қаласы, Тараз және Қарағанды қаласы бойынша бір мандаттық округтан шыққан кандидаттар. Бұл азаматтарға қатысты біз әкімшілік іс құжаттарын қазір Орталық сайлау комиссиясына тиісті ұсынысты жібердік. Содан кейін әкімшілік құжаттар сотқа жолданатын болады.
Айя Мүтәлі