Былтыр Қазақстанда 203 адам жұмыста жүріп көз жұмған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр Қазақстанда 203 адам жұмыста жүріп көз жұмған

12.02.2023

Осы аптада теңіз шевройлда WEST DALA компаниясына тиесілі вакуум цистернасы жарылып, 37 жастағы жұмысшы қаза тапты. Тағы біреуі жарақат алған. Атырау облыстық Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын хабарлады. Іс «Адам өліміне әкеліп соққан еңбек қауіпсіздігінің бұзылуы» бабы бойынша қозғалған. 

Жалпы соңғы уақытта жұмысшы қаза тапты деген ақпараттар өте жиі шығатын болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр Қазақстанда 203 адам жұмыста жүріп көз жұмған. 1500-ге жуығы жарақат алған. Әсіресе қауіпті кәсіпорындар орналасқан аймақтардағы статистика қорқынышты. Мәселен Қарағанды облысында - 180 адам, Шығыс Қазақстанда – 170-ке жуық. Қостанай облысында – 140 адам, Павлодар Ақтөбе облыстарында да жағдай мәз емес.

«АрселорМитталдағы» апаттан кейін кәсіпорын қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін тиісті деңгейде ақша бөлмегені анықталған. Соңында мәселеге Президент өзі араласып, өндіріс басшылығын жыл сайын бұл бағытқа қаржы қарастыруды міндеттеген болатын. Ал өзге нысандарда жағдай қалай? Тіпті зардап шеккен адамдар жұмыс берушінің кінәсін дәлелдеу үшін жылдап соттасатын жағдайлар да кездеседі. 

2022 жыл. 5 желтоқсан. Петропавл қаласындағы көп қабатты үйдің құрылысында Халел Мәденов есімді жұмысшы биіктен құлап қаза тапты. Бірден іс қозғалып, түрлі бағытта тексеру жұмыстары басталған. Алайда 2 айдан астам уақыт өтсе де кінәлі анықталмай жатыр.

Еркебұлан Мәденов, марқұм Х.Мәденовтың бауыры:

2 айдай болды. Мен ағамның сол жерде жұмыс істегенін дәлелдей алмай жүрмін. Шын мәнінде жұмыс істегені баршаға мәлім. Ал заңдық тұрғыда дәлелдеу бөлек мәселе болып тұр. Әділ шешім шығаратындарына күмәнім бар. Заңды айналып өтіп кетудің жолдарын тауып жүр.

Хәлел Мәденов құрылыс компаниясымен қызмет көрсету туралы келісімге тұрған. Ал еңбек келісімі жасалмаған. Жұмыс беруші осыны сылтауратып, жауапкершіліктен қашып жүр дейді марқұмның ағасы. Ал заңгерлер болса егер құжат дұрыс қатталмаса, кез-келген адамның құқығын дәлелдеу өте қиын деп отыр.

Бибігүл Нұрашева, заңгер:

Егер де еңбек шарты жасалмай, ешқандай сақтандыру полюсі болмаған жағдайда бұл жағдай өте қиын. Әр кейстің өзінің бір ерекшелігі бар. Жалпылама айта алмаймын. Бірақ мұндай жағдайда ол кісілердің құқығын қорғау өте қиын біздерге. Себебі ертең жұмыс беруші де жалтарады. Ол жұмыскер артынан жүгіреді, қалай сіз білмейсіз, мен күнделікті осында келіп жүрмін деп.

Өткен жылы ғана еліміз бойынша 1,5 мыңға жуық адам жұмыс орнында жарақат алған. Оның 203-і қаза тапты. Оқыс оқиғалар саны 2021 жылы да шамамен осы деңгейде болған. Тіпті соңғы 5 жылда статистика 6,5 пайызға ғана жақсарған. Сондықтан еліміз халықаралық тәжірибені енгізуге кіріскен.

Әлімжан Бекмағамбетов, Еңбекті қорғау жөніндегі Республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:

«Вижн зеро» деген халықаралық үлкен біздің бағыт бар. Сол бағытқа да біздің еліміз 2019 жылы қосылып, тиісті құжатқа қол қойып, сонымен қатар өзімізге міндетті алдық. Сол міндет бойынша үлкен жұмысты атқарып жатырмыз.

Әзірге бұл жобаға еліміз бойынша 500-ден астам ғана өндіріс ошағы қосылған. «Зеро вижно» кәсіпорынға нақты талап қоймағанымен, тәртіп орнатуға үлес қосады дейді мамандар.

Сәрсен Дүйсенов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің басқарма басшысы:

Жұмысты ұйымдастыру, еңбек қауіпсіздігін бағалау, қандай тәуекелдер бар дегендей бағытпен кетеді. 7 бағыт. Сол 7 бағыт бойынша олар жұмыс істейді.

Ал қауіпті нысандарда тәртіп орнату қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Себебі статистика бойынша, оқыс оқиғалардың үштен бірі жұмысшының кінәсінен болады екен. 29 пайызы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан, 28 пайызы қауіпсіздік ережелердің бұзылуынан, қалған 10 пайызға жуығы жұмыс бабымен жүрген кездегі жол-көлік оқиғаларының салдарынан болады екен. Еңбек қауіпсіздігін жақсарту мақсатында елімізде 2020 жылы 10 жылға арналған тұжырымдама да қабдылданды.

Сәрсен Дүйсенов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің басқарма басшысы:

4 бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші бағыты - нормативтік құқықтық базаны жаңарты. Оны әрі қарай дамыту дегендей. Екінші бағыты - ғылыми жұмыстар. Ол жағында зерттеулер жүргізу. Үшінші бағыты - бұқаралық ақпарат құралдарында насихат жұмыстарын жүргізу.

Ал қауіпті нысандар тұрақты түрде аттестациялаудан өтіп тұрады. Оған қоса министрлікке қарасты ғылыми-зерттеу институты тәуекелдерді анықтау және бағалау бойынша тексеру жұмыстарын да жүргізеді. Олқылықтар анықталып жатса, оны ретке келтіру айтарлықтай оңай емес көрінеді.

Әлімжан Бекмағамбетов, Еңбекті қорғау жөніндегі Республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:

Олар бізге тәуелді емес. Біз анықтаған кезде тек хаттамаға жазып қоямыз. Олар оның барнлығын көргесін, жұмыс беруші мәселелерді шешуді қолға алуы керек. Егер де оны қолға алмайтын болса, басқа да өкілдер оны тиісті тексеріспен анықтайтын болса, жауапкершілікке тартылатын әкімшілік кодекс бар. Қылмыстық кодекс бар. Заң бойынша солай шешіледі.

Қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен жарақаттанғандар мен қайтыс болғандардың саны азаяр емес. Заңгерлер оның ең негізгі себебі заңның орындалмауында дейді.

Бибігүл Нұрашева, заңгер:

Жалпы заң бізде жақсы жазылған. Еңбек кодексінде осы қауіпсіздікке байланысты керемет жазылған. Бірақ бұның бәрі жүзеге асырылмай жатыр. Неліктен? Біреуі білмегендіктен орындамайды, біреуі қасақана орындамайды. Бұл жерде жалпы Еңбек кодексінде көзделген нормалар дұрыс жүзеге асуы үшін мемлекеттік қадағалау мен мемлекеттік бақылауды нығайту керек.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу