Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 28 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 28 мыңнан асты

12.02.2023

Апта бойы Анадолыдағы ағайын үшін алаңдап отырмыз. Ал сол жақта болған екі қазақстандық Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтың қазасы қабырғаны қайыстырды. Бірнеше күн бойы олардың жақындары мен қазақстандықтар амандығын тіледі. Бірақ бейсенбінің түнінде Хатай провинциясынан қаралы хабар жетті. Мәйіттері кеше Алматыға жеткізіліп, жер қойнына тапсырылды.

Апат болған алғашқы күннен бастап 100-ге жуық ел Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейінгі ахуалды реттеу үшін гуманитарлық, қаржылық көмегін жіберіп жатыр. Жан-жақтан құтқарушылар да жұмылды. Үйінді астынан шыққан әр жан үшін арпалыс. Әр дыбыс маңызды.

Бұл - үйінді астынан бір дыбыс шығып қала ма деп, халық пен құтқарушылардың бір мезетте бәрі бірге демін ішке тартып, құлақ түрген сәт. Әр үйіндінің жанында осындай көрініс. Үмітін үкілеген халық, өлім мен өмірдің ортасында қалған жандар мен олар үшін күрескен құтқарушылар...

Мына көрініс әлемді шарлап кетті. Миллиондардың жүрегін елжіретті. Сириялық 7 жасар қыз інісін тәулікке жуық осылай қызғыштай қорғап жатқан. Бірі бауырына қамқор болса, мына жұдырықтай ғана бала өзінен бұрын анасына алаңдаған.

«Анамды құтқарыңызшы» деп жылап жатқан бүлдіршіннің есімі Лейла екен. Бір жұбаныш, бір өкініш. Жақындарынан айырылған жұрт егіліп жатыр. Ал 60, 70, 80, 90, тіпті 120 сағаттан кейін үйінді астынан аман-есен құтқарылғандар бар. Адамзат мұны «ғажайыпқа» балап отыр. Өйткені адамдардың тірі қалу ықтималы ең көбі 72 сағат деп есептеледі. Ал Кахраманмарашта 92 сағат үйінді астында жатқан әйел аман-есен шығарылды. Оны шапалақпен қарсы алып, қуанған халыққа қол бұлғағаны көрініп тұр. Ал Хатайда 128 сағат, яғни 6 тәуліктен кейін 2 айлық сәбидің құтқарылғаныда елжіретпей қоймайды.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 28 мыңнан асты. Түркияда 24 мыңнан астам адам қайтыс болса, Сирияда қайтыс болғандар саны 3,5 мыңнан асты.

Түркиядағы жер сілкінісінің хронологиясына тоқталсақ. Дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Түркияның оңтүстігіндегі Кахраманмараш провинциясында магнитудасы 7,7 жер сілкінісі болған. Бірнеше минуттан соң Газиантеп провинциясында магнитудасы 6,4 зілзала тіркеледі. Ал сағат 13:24-те Кахраманмарашта 7,6 магнитудалық тағы бір жер сілкінісі, одан соң 40 афтершок болған. Зілзала ошағына 10 аймақ енген. 

Айдос Әшім, тілші:

Мен қазір Газиантеп қаласынан шамамен 80 шақырым жердегі Нұрдағы қалашығында тұрмын. 40 мыңдай тұрғыны бар қалашық жер сілкінісінен ең қатты зардап шеккен елдімекендердің бірі. Қаладағы ғимараттардың 80 пайызы қираған. Тіпті биік үйлерді айтпағанда, екі-үш қабатты үйлердің өзі жермен-жексен болғанын көрдік. Бірнеше жерде шатыр қалашықтары тігілген. Бұл қалада 35 қазақстандық құтқарушы бірнеше күннен бері жұмыс істеп жатыр. Екі күн бұрын дәл мына жерден үйінді астынан үш адамды аман алып шықты. Үйдің тұрғындары жақсы хабар күтіп, осы жерде топталып тұр. Жергілікті халық та біздің құтқарушылардың еңбегіне алғыстарын жаудырып жатыр. Біздің құтқарушылар штабының басшысы Руслан Сайконың айтуынша, жергілікті халық пен біздің құтқарушылар арасында өте жақсы қарым-қатынас орнаған.

Руслан Сайко, жедел құтқару отрядының басшысы:

Бұл қалашықта Қарағанды мен Астананың құтқарушылары жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек аудармашы волонтерлер де бізге көмектесіп жүр. Қазір біздің құтқарушылар 5 қабатты үйді тазалап жатыр. 8 сағаттан екі ауысымен жұмыс істейміз. Үйінділерді тазалау жұмыстары толық біткенше осы жерде боламыз.

Айдос Әшім, тілші:

Апаттан соң бірден ел билігі сапасыз жұмыс істеген құрылыс компанияларының басшыларына қатысты тексеру жұмыстарын бастаған еді. Кеше Хатай қаласында элиталық көпқабатты бірнеше үй салған компания басшысы Еуропаға қашып бара жатқан жерінен Стамбұл әуежайында ұсталды. Ал бүгін Адыяман қаласында бірнеше үй салған құрылыс компаниясының иелері ерлі-зайыпты азаматтар да Грузияға қашқалы тұрған жерлерінен ұсталды. Тағы да 62 адамды тұтқындау туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, Түркияның білім министрлігінің шешіміне сай, ел аумағындағы барлық университеттер онлайн сабаққа көшіріледі және мемлекеттік университеттердің жатақханалары зізаладан зардап шеккендерді орналастыру үшін босатылатын болды.




Хабарламаларға жазылу