Астанада иттерге арналған орталық жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада иттерге арналған орталық жұмыс істейді

11.02.2023

Біреу біліп, біреу білмес. Астанада иттерге арналған орталық жұмыс істеп тұр. Қажеттілігі қанша? Оны уақыт көрсетер. Бір анығы, дәл қазір сұраныс та артып келеді.

Бұл - ит байламай-ақ тұратын жер. Кәдімгі бақша. Яғни, иелері иттерін таңертең жетектеп ап келеді, кешке алып кетеді. Арнайы мамандар әр итті бағып-қағып, тәрбиелейді. Мысалға, Тамерлан күшігін жетектеп бүгін алғаш рет орталыққа келді.

Тамерлан Әжіғұлов, қала тұрғыны:

Бұл жер - өте ыңғайлы. Кейде қалаға шаруалармен шығу керек болғанда, итті қалдыратын орын таппай қиналатынмын. Енді ойланбастан осы орталыққа әкелемін. Күшігім де мұнда өзіне серік тауып, іші пыспайтын болды.

Мұндай орталық ТМД елдері аумағында бірең-сараң ғана. Сондықтан да болар жобаға деген елордалықтардың қызығушылығы ерекше. Қазір кинологтар күн сайын 20-ға жуық итті қарауына алады. Бастысы олардың тиісті құжаттары толық болуы керек.

Серікжан Мұқан, кинолог:

Құжаттар бойынша, ветеринар паспорты керек. Екпе алу керек, бір жасқа дейін.

Орталықта 7 адам жұмыс істейді. Олар үй жануарларын күніне 2 рет сыртқа шығарып, серуендетуді әдетке айналдырған. Бәлкім, мұны еріккеннің ермегі деп те айтатындар бар шығар. Бірақ, сұраныс болғасын қызмет түрі қызып тұр.

Азамат Бейбітұлы 


Хабарламаларға жазылу