Киевте Украина мен Еуропа Одағының саммиті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевте Украина мен Еуропа Одағының саммиті өтті

04.02.2023

Киевте Украина мен Еуропа Одағының саммиті өтті. Президент Владимир Зеленскиймен кездесуге Еуропа кеңесінің басшысы Шарль Мишель, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен 15 еурокомиссар барған. Саммитте қозғалған басты тақырып - Украинаның ЕуроОдаққа мүше болуы. Бұған қатысты нақты дата белгіленген жоқ. Киевтің қосылуы оның Одаққа кіру шарттарын орындауына байланысты екені айтылды. Кездесу барысында Владимир Зеленский Ресей күштерін Донбасстан шығару үшін Батыс елдерінен алыс қашықтыққа арналған қару-жарақ сұрады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Бахмутты бермейміз. Ол үшін қолдан келгенше күресеміз. Бахмут - қорғанымыз. Алысқа ататын қару тезірек жетсе, біз Бахмуттан кетпейміз. 2014 жылы басып алынған Донбассты қайтаруға кірісеміз.

Ал Мәскеудің мәлімдеуінше, Ресей армиясы Бахмутты бірнеше бағыттан қоршауға алған. Бұған қоса, Украина күштеріне құрал-жабдық жеткізуге арналған жолды бақылауға алу үшін күресіп жатыр. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметіне сай, бүгін Украинада тұтқында болған 63 ресейлік сарбаз босатылған. Келіссөздер Біріккен Араб Әмірліктерінің арағайындығымен өтті. Бұл ақпаратты Украина тарапы да растап отыр. Ресей тұтқынынан 116 украиналық сарбаз шыққанын айтты.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу