Украинаның Краматорск қаласында көпқабатты тұрғын үйге зымыран түсті. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Ал Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкциялардың 10-шы топтамасын жарияламақ. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров болса, әскер Батыстың Украинаға қару-жарақ жеткізуіне жауап беретінін мәлімдеді.
Краматорск қаласында зымыран соққысынан 3 адам қаза тапты. 20 тұрғын жараланған. Снаряд көпқабатты тұрғын үйге түсті. Украина полициясының мәлімдеуінше, ғимаратқа Ресей күштері ұшырған Искандер-К тактикалық ракетасы тиген. Дегенмен Мәскеу Украинада бейбіт тұрғындарды нысанаға алғанын үнемі жоққа шығарып келеді.
Павел Кириленко, Донецк облысының губернаторы:
Бұл қала орталығы. Мұнда тек бейбіт халық тұрады. Мұндай әрекетті ақтап алу мүмкін емес.
Еуропалық Одақ болса, Украинадағы қақтығысқа 1 жыл болғанда, атап айтқанда ақпанның 24-де Ресейге қарсы санкциялардың кезекті пакетін жарияламақ. Мұндай шешім Киевте президент Владимир Зеленскийдің Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен кездесуінде жария етілді.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Ресейге қарсы санкциялардың 10-ше легін жариялау мәселесін талқыладық. Еуропа Одағының басты мақсаты - Ресейді шектеулерді айналып өту мүмкіндігінен айыру.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров болса, барлығы Украинадағы қақтығыстың аяқталуын қалайтынын айтты. Алайда «Ресейдің әрекетіне Батыстың Киевке қолдау көрсетуі» әсер етіп отыр деді дипломат. Бұған қоса, Лавров Ресей күштері Еуропа елдерінің Украинаға алысқа ататын қару жеткізуіне жауап береді деп мәлімдеді.
Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:
Батыстағы әріптестеріміз Киев режимін келіссөздерден бас тартуға мәжбүрледі. Дәл сол сәтте, Наурыздың соңында қақтығысты саяси жолмен аяқтауға мүмкіндік болған еді. Киев режиміне неғұрлым алыс қашықтыққа арналған қару жеткізсе, Украина күштерін соғұрлым Ресей шекарасынан алыстату керек.
Ал Украинаның Донецк облысында қиянкескі шайқас жалғасып жатыр. Ресей күштері шабуылды күшейте түсті. «Рейтер»-дің дерегіне сай, олар айлар бойы бақылауға ала алмай жатқан Бахмут қаласының оңтүстігі мен солтүстігінде басымдық таныта бастаған.
Арай Төлегенқызы