Бүгін Алматы қаласының іргесінде дүбірге толы Наурыз мерекесі тойланды. «КАЗКА» Қазақстан Кәсіпкерлері қауымдастығы, Алматы бизнес ассоциациясы және «Тамшы» ғылым және мәдениет қоры бірлесіп, «Наурыз-2015» мерекелік іс-шарасын өткізді. Кәсіпкерлер сайлаудағы Елбасының ерен жеңісін осылайша қуанышқа айналдырып, елдігімізді танытуды мақсат тұтқан. Дүбірлі тойда Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығы да назардан тыс қалмады.
Қожанасыр мен Тазша бала кейпіндегі жаршылар елді аламанға шақырып, арагідік әзіл-қалжыңдарымен халыққа күлкі сыйлады. Аударыспақ, қазақша күрес, арқан тартыс, қол күрес сынды спорттық ойындар да жиылған жұртты бір серпілтті.
Шеберлердің қолынан шыққан ұлттық бұйымдар жәрмеңкеге қойылды. Саптама етік ұлдар мен бүрмелі көйлек киген қыздарға қазақтың дәстүрлі тартулары берілді. Ал, ғалымдардан құралған әділ-қазылар «Ең әсем киіз үй», «Ең дәмді Наурыз көже», «Ең сәнді ұлттық киім» сынды аталымдар бойынша қатысушыларға сый-сияпат жасады.
Дәурен ДАРИЯБЕК