Адами факторды азайту үшін құрылыс саласы цифрландырылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адами факторды азайту үшін құрылыс саласы цифрландырылуда

29.01.2023

Қазақстан бойынша құрылысы аяқталмай, терезесі үңірейіп тұрған үй көп. Іргетасы уақытылы құйылғанмен, мерзімінен кешікпей қолданысқа берілетін ғимарат аз. Былтыр Қазақстанда осындай 154 нысанның құрылысы тоқтап тұрды. Оның ішінде 59 инфрақұрылымдық, 55 әлеуметтік жоба бар. Елдегі сақалды құрылыстардың саны тым көбейіп кетуіне не себеп? Құрылыс саласындағы қандай заңдарда олқылық бар? Жаңа нормаларда нені ескеру керек? Сарапшылар қандай ұсыныс айтты? Саланы цифрландыру мәселені шеше ме? 

Мына мектеп биыл қолданысқа берілуі керек. Құрылысқа 2,7 миллиард теңге бөлінген. Бірақ мердігердің мамыр айынан бері бітірген жұмысы осы ғана. Қазір бұл компаниямен келісімшарт тоқтатылған. Бірақ күзетшісі бізге ішке кіруге рұқсат берген жоқ. Енді жаңа байқау жарияланады. Яғни мектеп тағы да кешігеді деген сөз.

Балаларын басқа ауданға тасып оқытудан шаршаған Өндірістің тұрғындары құрылыс іркілген бойда дабыл қақты. Себебі қар түскенше қабырғасы қаланып үлгермесе, қыс бойы жұмыс тоқтап тұрады. Ал қалған алты айда салынған мектептің сапасы қандай болады? Ата-аналарды осы сұрақ алаңдатты.

Арман Есмағанбетов, қала тұрғыны:

Екі айға толық тоқтап қалды құрылыс. Адамдар қоңырау шала бастады. Неге солай болып қалды деп. Неге құрылыс жүрмей жатыр деп. Өйткені бар-жоғы 15 ай берілген осы құрылысқа. Аязда, қыста салынған құрылыс ол сапасыз болады деп қатты уайымдаймыз.

Алайда жауапсыз мердігерге ешқандай шара қолданылмаған. Сарапшылар құрылыстың кешігуі жобалық-сметалық құжатта бекітілген жұмыс кестесі сақталмағаннан деп отыр. Бұл жобаның бастапқы бағасын бірнеше есе өсіріп, қосымша бюджет бөлуге алып келеді. Оның үстіне ғимараттың сапасы мен қауіпсіздігіне де нұқсан келеді. Сондықтан бақылауды күшейтіп, себепсіз созбаққа салғандарды жазалау керек.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:

Бұл жерде жазалаудан басқа шара көмектеспейді. Еуропада бұл жүйе жолға қойылған. Кестені бұзған мемлекеттік орган да, кәсіпкер де қомақты айыппұл арқалайды. Бізде де сондай заң қабылдануы керек. Келісімшарт талабын бұздың ба, жауап бересің. Қазіргі проблемаларды осылай ғана шешуге болады.

Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі заң құрылыс талаптарын өрескел бұзған мердігерге айыппұл салып қана қоймай, келген шығынды өтеуге міндеттейтінін мәлімдеді. Бірақ сарапшылар бұл нормалар керісінше қаржы тапшылығын алға тартып, жобаның мерзімін тағы да ұзартуға жол ашатынын айтады. Ал жауапсыз мердігерден бюджет қаражатын сот арқылы қайтару да бір күннің шаруасы емес. Сондықтан жауапты министрлік қазір бірнеше заңға өзгеріс енгізіп, тиісті нормалар қабылдап жатыр. Оның ішінде сметалық бағаның жаңа индексі де бар. Бұл баға айлық есептік көрсеткішке байланған. Яғни құрылыс бюджеті инфляциямен бірге өсіп отырады. Бұл көпжылдық жобалар үшін тиімді.

Бақытжан Жүнісбеков, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

Қазір жобалық-сметалық құжаттарды түзету бойынша механизмдер жасалып жатыр. Жаңа норма қабылданса, тапсырыс беруші бір жыл ішінде бітпеген жұмыстардың бағасын қайта қарауға жібере алады. Бұл жұмысты тоқтатпай құрылысты қайта қаржыландыруға мүмкіндік беретін. Бұрын мұндай өтінішті тапсырыс орындаушы жіберіп, бюджет мақұлданғанша ештеңе істемей күтетін.

Бұған дейін прайс парақтар алынып тасталды. Енді құрылыс материалдары мен жабдықтардың құны сметалық құжатта көрсетіледі. Бұл әр тауардың бағасын өндірушіден нақтылап, оны негізсіз қымбаттатпауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыстың шекті құны деген де ұғым енгізілді. Осылайша әр нысанның белгіленген сомадан артық бағаланбауы қадағаланады. Бірақ сарапшылар бұл нормалардың жұмыс істейтініне күмәнмен қарайды.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

Қазір айтады, иә, енді болмайды. Осы жылдан бастап баға өссе, біз құрылыспен бірге ұйымдастыратын боламыз. Көреміз қалай болатынын. Бірақ бұл жалпы үлкен тәуекел,  тек сыбайлас жемқорлыққа әкелетін емес, жалпы халықтың наразылығын туғызады.

Қазір адами факторды азайту үшін құрылыс саласы цифрландырылып жатыр. Ол үшін бірнеше ақпараттық жүйе жасалған. Осылайша жобалау құжаттарынан бастап күрелгенге дейінгі барлық өзгерісті нысанның жеке нөмірі арқылы қашықтан бақылап отыруға болады. Демек құрылысшылардың түрлі қулыққа баруы да азаюға тиіс.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу