Ауғанстанда аяз күшейіп, боран соқты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстанда аяз күшейіп, боран соқты

26.01.2023

Азияның бірқатар елінде соңғы күндері қыс қаһарына мінді. Ауа температурасы күрт төмендеп, аяз күшейді. Ауғанстанда қолайсыз ауа райынан 100-ден астам адам қайтыс болды. Қытайдың солтүстігінде сынап бағанасы минус 53-ті көрсетсе, Жапонияда қалың қар жауып, боран соқты. 

Ауғанстанда осы аптада күшті аяздан 124 адам қайтыс болды. Ауа температурасы 34 градусқа дейін төмендеген. Мал да қырылып жатыр. Тұрғындар отынға, жылы киімге зәру. Кейбіреулер үйді газбен жылытуға мәжбүр. Соның салдарынан Герат провинциясында 158 адам газдан уланып, ауруханаға түсті. Соңғы 15 жылда тұрғындар осыншама қатты аязға куә болмаған.

Биби Гүл, жергілікті тұрғын:

Күн тым суық. проблемалар да көбейді. Көмір, пеш жоқ. Балалар тоңып қалды.

Ал Қытайдың солтүстігінде ауа температурасы 58 градусқа дейін төмендеді. Мұндай көрсеткіш Хэйлунцзян провинциясының Амур ауылындағы метеостанцияда тіркелген. Жергілікті билік тұрғындарды жылумен және сумен қамтамасыз етуді жіті бақылауға алды. Ал кейбір аудандарда қалың қар жауған.

Ли Сюцзинь, көше сыпырушы:

Түстен бері көшені 600-700 метр қардан тазаладым. Тоқтамастан жұмыс істегесін, күн суық екенін сезінбедім.

Жапонияның көп бөлігінде қар борап, көлік қатынасы тежеліп жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, бораннан бір адам қаза тапты. Тағы екі тұрғын суықтан көз жұмды деген ақпарат тергеліп жатыр. Ал, елдің батысындағы Киото қаласында пойыздар жүре алмағандықтан, 3 мыңдай адам теміржол станцияларынан сапарға аттана алмаған. Әуежайларда жүздеген ұшақ рейсінің тоқтады.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу