Тұрмысы төмен қазақстандықтар үлесі 5%-дан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрмысы төмен қазақстандықтар үлесі 5%-дан асты

22.01.2023

Қазақстанда кедейлердің саны қарқынды өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырғы 3-тоқсанда табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3% болған. Оның алдындағы тоқсанда – 5,1 %, ал 1-ші тоқсанда 4,6% болыпты. Осындай тенденцияның барын жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да айтқан еді.

2022 жылдың қорытынды статистикасы алдағы наурызда жарияланады. Әйтсе де, Дүниежүзілік банктің өткен тамыздағы мәліметінің өзі ресми статистикадан әлдеқайда жоғары. Халықаралық институттың сауалнамасының қорытындысында елдегі халықтың 23 пайызы өзін кедей санатына қосатыны белгілі болған. Кедейліктің өршуіне не себеп? Тұрмысы нашар адамдарға мемлекет қандай көмек көрсетеді?

Шырын Әбдіхалыққызы, Астана қаласының тұрғыны:

Тапқан табысым шәй-тамақтан артылар емес. Кредитім төленбей тұр.

39 жастағы Астана тұрғыны Шырын Әбдіхалыққызы 3 баласын жалғыз бағып отыр. Құрылыста сырлаушы болып істейді. Еңбекақысы мен балаларға төленетін алиментті қосқанда айына үйге кіретін кіріс – 78 мыңға жуық екен.Бұрын Үкімет 8 мың тг мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек беретін, қазір ол да жоқ дейді.

Шырын Әбдіхалыққызы, Астана қаласының тұрғыны:

Соңғы үш ай алған жоқпын. Өйткені табысыңыз көп дейді. Ондағы табысым 60 мың тг жалақы мен балаларымның әкесінен берілетін 17600 тг алименті. Сол менің балаларыма көп екен.

Банк пен микронесие ұйымдарына 500 мың теңгедей берешегі бар. Қайтаруға мұршасы жоғын айтады. Баспана мәселесі де шешілмеген. Шырын сияқты тұрмысы төмен азаматтар саны ресми статистикада 5,3 пайызға жетті делінген. Ол – 1 млн 34 мың адам.

Маржан Әміржанова, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басқарма басшысы:

Ең көп таралған облыстарға – Түркістан және Маңғыстау облысы жатады. Ал ең аз мөлшері Астанада байқалады. Көп балалы отбасылар және жұмысқа қабілетсіз адамдары бар үй шаруашылықтары бейім келеді.

Сарапшылар елдегі кедейлер саны ресми статистикадағыдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Оларды, әсіресе, саны 2 млн-нан асатын өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарынан табуға болады дейді экономист.

Мақсат Серәлі, экономист:

Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың ішінде қарап отырсақ, салықты тапсырмай жүрген азаматтар, кәсібі жүрмей жатқан азаматтарды автоматты түрде қосуға болады. Олар он мыңдаған азаматтар. 1,1 млн халықтың 90 күннен астам несие бойынша төлемақы төлеу қабілеті төмен. Олардың барлығын автоматты түрде кедейлік санатына жатқызуға болады.

Ал әлеуметтанушы басында несиесі бар жұмыс істейтін азаматтардың өзін кедейлер санатына жатқызады.

Шырын Тіленшиева, әлеуметтанушы:

Кедейліктің өсуіне тек қана жұмыссыздар ғана емес, жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігі де осы кедейлер категориясына ене бастап жатыр. Ол азаматтардың айлық табыстары күнделікті күнкөрісіне емес, басқа да қарыздарын жабуға кетеді. Нәтижесінде олардың айдан айға жұмсалатын төлемдері, шығындары көбейіп жатыр.

Данияр Қайыртай, тілші:

Біз сұхбаттасқан әртүрлі мамандар кедейліктің өршуіне бірнеше себепті атады. Соны жиынтықтап, тізбектеп шықсақ: ең көп аталғаны – инфляция болды. Ол былтырғы жылдың қорытындысында 20,3 пайызға жеткені белгілі. Мұндай көрсеткіш кейінгі 15 жылда болмаған. Екінші себеп – жұмыссыздық. Елде еңбекке қабілетті азаматтардың 5 пайызға жуығы, яғни 450 мыңнан астам адам жұмыссыз саналады. Одан кейінгі себеп ретінде табыстың төмендігі аталды. Сосын – халықтың көп қарыздануы да себеп екен. Қазақстанда 7 млн астам адамның бір не одан көп несиесі бар.

Тиісінше халықты кедейліктен арылту үшін осы себептермен жеке-жеке күресу керек дейді сарапшылар. Әлеуметтанушы Шырын Тіленшиева ғылымда кедейліктің өзі үш сатыға бөлінетінін айтады.Соның жоғарғы сатысындағы азаматтарды орта тапқа өсіру арқылытұрмысы нашар адамдардың санын азайтуға болады дейді.

Шырын Тіленшиева, әлеуметтанушы:

Ол кісілердің қаржылық сауаттылығын, ақпараттық сауаттылығын, білімін, өмір сүруге қатысты сауаттылықтарын арттыру арқылы біз ол азаматтарды белгілі бір деңгейден екінші бір деңгейге ауыстыру, өзгерту мүмкіндіктеріміз бар.

Сәбит Рысбаев, экономист:

Бірінші кезекте орта тапты қалыптастыру керек. Орта тап әрбір мемлекеттің сүйегі десек болады.

Мақсат Серәлі, экономист:

Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, зауыт, осы салаларды дамыту арқылы орта тапты қалыптастыра аламыз және тұрақты экономикалық жүйені қалыптастыра аламыз. Бұл мәселені біз әлеуметтік төлемдерді көтеру арқылы немесе бюджеттен тағы да қаражаттар қарастыру арқылы шеше алмаймыз.

Біздің Үкімет тұрмысы төмен адамдарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді.

Ол үшін отбасының жиынтық табысы жан басына шағылады. Шыққан сома мен тұрғылықты өңірінде белгіленген кедейлік шегінің айырмасы ақшалай көмек ретінде тағайындалады. Былтыр атаулы әлеуметтік көмекті 728 мың адам алған.

Нұрсәуле Елеуова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы:

Екіншіден, егер отбасы құрамында жұмыссыз адамдар болса, өз-өзін қамтыған адамдар болса, оларға әлеуметтік бейімдеу шаралары көрсетіледі. Жұмысқа орналасу деген сияқты. Егер отбасында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар болған жағдайда оларға қосымша ақша төленеді. 1,5 АЕК мөлшерінде.

Әлеуметтік төлемдердің масылдыққа әкелу қаупі барын айтады әлеуметтанушы.

Шырын Тіленшиева, әлеуметтанушы:

Атаулы әлеуметтік көмек алатындар бар. Олар осыған үйрену арқылы жұмыс жасамау, ары қаратай қозғалмау, әрекет істемеу деген сияқты жағдайға тап болып жатады.

Бірақ бәрі ондай емес...

Шырын Әбдіхалыққызы, Астана қаласының тұрғыны:

Кредитімнен құтылсам, үйге қолым жетсе, мен төрт мүшем сау, жұмыс істеймін, балаларымды баға аламын.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу