Ақтөбеде кәсіпорын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде кәсіпорын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданды

20.01.2023

Ақтөбедегі мұнай жабдықтарын шығарумен айналысатын кәсіпорын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданып, отандық кәсіпорынды қолдауды сұрады. Қазір зауыттағы 150 адам жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Өйткені өнімнің 70 пайызға жуығын сатып алатын Маңғыстау облысындағы компаниямен арадағы келісімшарт тоқтаған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл - Қазақстандағы мұнай ұңғымаларына қажетті жабдықтарды шығаратын бірден бір кәсіпорын. Қазірдің өзінде оннан аса адам жұмыстан кеткен. Ал зауыттағы құрылғылардың алпыс пайызы тоқтап тұр.
Мұнда 240 адам еңбек етеді. Айтуларынша, жұмыс жүктемесі мен жалақылары көңілдерінен шығады. Алайда «кәсіпорын қызметкерлерінің 60 пайыздан астамы қысқартылады» деген хабар келгелі бері бәрінен маза кеткен.

Қайдар Мұстафин, зауыт қызметкері:

Жұмыс азайып кетті. Болмай жатыр жұмыс. Қысқартуға кетіп жатыр, тағы болады дейді. Біздерге қиын болайын деп тұр. Осы жұмыс арқылы несие төлеп отырмыз, ипотека жауып отырмыз.

Армения, Қырғызстан елдері де сатып алып отыр. Бірақ, биыл өнімдерінің жартысынан көбін алатын маңғыстаулық компаниямен келімісшарт жасалмапты. Себебі олар тапсырысты басқа мекемеге беріп қойған.

Гасал Мусин, зауыт директоры:

Барлығы да бізге ол зауыттың арнайы сертификаты бар екенін айтады. Сертификат біздің әр өнім түрінде бар. Олар жылына 5 мың дана ғана шығарады. Ал тапсырыс берушіге 300 мыңнан астамы керек. Біз сол 5 мың данадан басқасын берейік десек те, болмай тұр. Себебі оларға қалған көлемді Қытайдан әкелген тиімді.
Зауыт басшылығы отандық өнімге қолдау болмай тұр деп есептейді. Сондықтан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданған.

Тимур Жаркенов, ТИМУР ЖАРКЕНОВ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары: 

Соңғы тендерді бәсекелес зауыт ұтып алды. Ақтөбелік кәсіпорын бұл тендерді заңсыз деп тануды сұрап отыр. Иә, бәсекелестерінің өндірістік қуаты жөнінде сұрақ бар. Дегенмен шығаратын өнім көлемі туралы арнайы талап жоқ екенін ескеру керек. Қазіргі сатып алу әдісі бизнес қауымдастықтармен келісілген. Мәселе жіті тексеруді қажет етеді.
Жергілікті билік болса, «мекемелер арасындағы коммерциялық келісімдер тек заң аясында шешілу керек» дегенді алға тартып отыр. Ал адамдардың жұмыссыз қалмауы үшін қолдан келген көмектің бәрін көрсетеміз деді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу