Ақталып шыққан Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары 100 миллион теңге моральдық шығын талап етті. Ол талап ішінара қанағаттандырылды.
2021 жылы сот қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіровке, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовқа, мердігер мекеме басшысы Жанасбаевқа, бас есепші Дүйсемби мен жеке кәсіпкер Мұстафинге қатысты қылмыстық істі қарады. Олар Жаңа жыл мерекесін безендіру жұмыстарына бөлінген ақшаны жымқырып, мемлекетке 90 млн теңгеден астам залал келтірді деп айыпталған болатын.
Нәтижесінде Досов пен Әубәкіровке 7 жыл жаза кесілді. Басқалары да 5 және 6 жылдан арқалады. Дегенмен, бір жыл өткенде кінәсі дәлелденбеген Әубәкіров ақталып шықты. Ол Қаржы министрлігі мен Ақтөбе қаласы әкімдігінен моральдық шығын талап етті. Сот шешімімен әкім орынбасарының пайдасына 5 миллион теңге өндірілетін болды.
Ж. Кемал