Украинада ішкі істер министрі мінген тікұшақ балабақшаға құлады. 15 адам қаза тапқан. Үшеуі - бала. Жараланғандар бар. Украина саясаткерлері мен әлем елдерінің лидерлері қаралы оқиғаға байланысты қайғырып, көңіл айтып жатыр. Т
Соңғы мәліметтерге сай, Бровары қаласында болған тікұшақ апатынан 15 адамның өмірі қиылды. Бұған дейін 18 адам қаза тапты деп хабарланған еді. Жергілікті уақытпен таңғы 8-дер шамасында құлаған тікұшақта Украина ішкі істер министрі Денис Монастырский, оның бірінші орынбасары және мемлекеттік хатшыны қоса алғанда 9 адам болған. Украина президенті кеңсесінің мәліметінше, олар соғыс жүріп жатқан ыстық нүктелердің біріне бара жатқан. Барлығы қаза тапты.
Виталий Кличко, Киев мэрі:
Марқұм болғандардың арасында үш бала бар. Тікұшақ балабақшаға құлап, 20-дан астамы жараланып, ауруханада жатыр. Оқиғаның қалай болғанын тергеу қажет. Әзірге бұдан басқа ақпарат жоқ.
Алдын-ала мәліметтерге сай, елдің төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі тікұшақ алдымен балабақшаға соғылып, кейін тұрғын үйге жақын жерге барып құлаған. Оқиға орнында өрт тұтанды. Трагедия болған кезде балалар мен тәрбиешілер балабақшада болған.
Әзірге апаттың неден болғаны белгісіз. Оның себебін анықтауға бірнеше күн кетуі мүмкін. Тұрғындардың сөзінше, оқиға болған кезде айналаны тұман басып, қараңғы болған. Украинаның құқық қорғаушылары Бровары қаласының үстінен тікұшақ ұшқанын көрген куәгерлерді полицияға хабарласуға шақырды. Ал «Би-Би-Си» жариялаған мақалада тікұшақ зымырандардан қорғану үшін тым аласа ұшқан болуы мүмкін деген пікір айтылған.
Арай Төлегенқызы