Украинада қарулы қақтығыс басталғаннан бері 160 мың нысан қираған. Бұл туралы «Антикоррупциялық штаб» қоғамдық ұйымның өкілдері мәлімдеді.
Оқ пен зымыран тиген ғимараттар тізімінде мектеп, балабақша, тұрғын үй, әлеуметтік және әскери нысандар бар. Бүгінгі күнге дейін олардың 6 мыңы ғана жөнделген. Зақымдалған электр жүйесін есептемегенде, қираған стратегиялық нысандарды қалпына келтіруге 700 млрд доллардан астам қаражат қажет, дейді штаб мамандары. Баспанадан кейін Украина бойынша ең көп қираған – инфраструктура. Оны қалпына келтіру үшін 40 млдр доллар қажет.
Сергей Миткалик, «Антикоррупциялық штаб» қоғамдық ұйымының басқарма төрағасы:
Біздің ақпаратымыз бойынша Украинада 160 мыңнан астам нысан қиратылды. Оның ішінде әлеуметтік, әскери және стратегиялық нысандар бар. Мемлекет қарулы қақтығыс аяқталғаннан кейін 90 күннің ішінде бұл ғимараттарды қалпына келтіруге жұмсалған барлық қаражатқа есеп беретінін айтты. Өкініштісі бүгінде бөлінген және игерілген қаражатты анық көрсетіп беретін мемлекеттік ресурс жоқ.