Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы құрмет көрсеткені үшін шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шетелге алғашқы ресми сапары Біріккен Араб Әмірліктерінен басталып отырғанын атап өтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосқанын айта келе, мұны шынайы достықтың айқын көрінісі деп атады.
Президент былтыр Қазақстан мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын еске салды. Сонымен бірге осы кезеңде түрлі саладағы ынтымақтастық нығая түскенін, екі ел арасында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнағанын атап өтті. Ресми сапар аясында тоғыз құжатқа қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл келісімдер екі елдің арасындағы ынтымақтастыққа серпін береді деп ойлаймын. Бізді ыстық ықыласпен қарсы алып отырсыздар. Бұл біз үшін құрмет деп айтуға болады. Былтыр Қазақстан мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Осы кезеңде түрлі саладағы ынтымақтастық нығая түсті, екі ел арасында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнады.