Моңғолия сапары: Бітік тас былтыр жазда Моңғолияда табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолия сапары: Бітік тас былтыр жазда Моңғолияда табылды

15.01.2023
Алтангэрэл Энхтөр, Моңғолия ғылым академиясының профессоры:
Құтлық қаған Түрік деген жазу бар. Біз тапқан ғұрыптық кешен Құтлыққа тиесілі. Ол жерде алтарь жатыр. Тек қаған ескерткіштерінде ғана алтарь болады. Біз оны көтере алмадық. Салмағы шамамен 3 тонна.

Түркілер ғана емес жалпы адамзат тарихына айтулы жаңалық әкелген жәдігер осы. Ол Түркілердің атақонысы Моңғолия топырағынан табылды. Құтлық Қағанның бітіктасы түркі тарихын екі ғасырға тереңдетті. Ғалымдар «Томпсон-Радлов зерттеулерінен кейінгі 130 жылда жер астынан табылған таңғажайып тас» - деп отыр.

Нәпіл Базылхан, түрколог:
Сиыр жылы 12 мүшел жыл санау бойынша Құтлық қаған дәуіріне келеді. 577-589 жылдары. Сиыр жылына келеді. Онан кейін Құтлық қағанның заманы бітеді. 592 жылы қайтыс болады да ары қарай Құтылық қағанның інісі Қапаған билікті алып кетеді.
Алтангэрэл Энхтөр, Моңғолия ғылым академиясының профессоры:
Нәпіл Базылхан, Нұрболат біз бірге жұмыс істейміз. Біздің Батболд, Бойынгише, Далынтай осы тобымызбен біз 8 жыл қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Бір-бірімізбен дос болып кеттік. Халықаралық Түрік академиясының қолдауымен біз тарихи жаңалық аштық.

Мұндай ғұрыптық кешен тек Қаған әулетінде болады - дейді ғалым. Бұл сөзге кешен ішінен шыққан ғибадатхана, алтарь тас, түрлі мүсіндер дәлел. Әрине ең құнды жәдігер - бітік тас. Осы тасқа көне түрІк, брахма, соғды тілінде жазылған 19 жолдың әзірге 12-сі оқылды.

Алтангэрэл Энхтөр, Моңғолия ғылым академиясының профессоры:
Көшпенділер өте мәдениетті әрі сауатты болған. Қалған әлем әріпті таяқ деп білетін кезде түркілердің төл жазуы болды. Олар тек соғысып, көшіп-қонып жүрген деген пайым надандық. Көшпенділер адамзат тарихындағы ірі өркениеттің бірі. Көне Түркілердің тарихы бұдан да терең. Мен оны білемін. Енд,осыны дәлелдеу ғана қалды.

Иә, жер астында жатқан жәдігерді табу екінің біріне бұйырмайтын бақ. Қазақ-Моңғол ғалымдары зерттеу жұмыстарын биыл да жалғастырмақ.

Нәпіл Базылхан, түрколог:
Бүгінгі Түркі халықтары Құтлық қағанға қарыздар, борышкер. Құтлық болмаса Мұңғыл империясы да болмас еді. Яғни, Түрік халықтары көне бітік тастағы жазуыларда өліп, жоғалудың аз алдында қалғансың дейді.

Төныкөктің ескерткішіне келген Моңғол ғалымы - Энхтөр төрге аяқ баспай тұрып, алдымен аруақтарға құрмет көрсетті.

Көне түркі империясының негізін қалаушы - Білге Тоныкөк өсиетін 1300 жыл бұрын жазған. Ол мәңгі ел құру жолында: «Түрік халқына жарақты жау келтірмедім. Шұбырған аттыларды жолатпадым. Елтеріс қаған иелік етпесе, Оған еріп мен өзім иелік етпесем, ел де, халық та жойылар еді», деп жырлаған. Жырдағы Елтеріс ол Құтлық қаған. Тасқа өрілген тарихтан Тоныкөк пен Құтлық дос болғанын ұғамыз.

Алтангэрэл Энхтөр, Моңғолия ғылым академиясының профессоры:
Құтлық қаған мен Тоныкөк екеуі табғаштарға қарсы соғысты. Осы тұста көшпенділер күшейе түсті. Тоныкөк ескерткіш кешені аспан астындағы ірі музей. 

Бумын қаған 552 жылы Түрк қағандығын құрады. Осы тұста Корей түбегінен Қара теңізге дейінгі аралықтағы көшпенділер бір тудың астына бірікті. Алып империя орнады. Көшпенділердің бейбіт жатқан кезі тым аз болды. Бөлшектеп билеу саясаты табысты жүзеге асып, XII-XIII ғасырда көшпенділер әбден әлсіреді.

Нәпіл Базылхан, түрколог:
Көшпелілер әлеміндегі феномен ол Шыңғысхан. Оны мойындау керек. Басын біріктірді. Киіз туырлықты көшпелілерді біріктіргенің үшін 1206 жылы хүнну өзенінің бойында Шыңғыс қаған деген атақ бердік дейді.

Қазақ-Моңғол ғалымдары бірлесе тапқан кешен Түркология ғылымының тамыры тереңде жатқанын тағы бір мәрте делелдеді. «Ағаш уықты, киіз туырлықты» көшпенділердің мыңдаған жыл бұрын жазған өсиеті бүгінде өміршең. Ал, бабалар аманатын қиянат қылмау сіз бен бізге сын дейді ғалым.

Нәпіл Базылхан, түрколог:
Дүниежүзінде алғаш рет өзің тауып отырсың. Жерді қазып отырып, үстінен табыла береді. Қазып табу деген екінің біріне келе бермейді. Алтын адам қайтып табылды. Сол сиқяты оқиға.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу