АҚШ-та құйын көтеріліп, бірнеше адам қаза тапты. Оқиға Алабама штатында болған. Ал Калифорнияда бірнеше аптадан бері дүлей дауыл соғып, нөсер жауын жауып тұр. Су тасқыны жүрді. Штат тұрғындары демалыс күндері де осындай ауа райына куә болады.
АҚШ-тың Алабама штатында өткен тәулікте бірнеше мәрте құйын көтерілді. Одан 9 адам қаза тапқан. Үйлер жермен-жексен болып, 20 мыңдай адам электр жарығынсыз қалды. Дауыл ағаштарды тамырымен жұлып, құлатқан. Құйынның ықпалын көршілес Миссиссипи және Джорджия тұрғындары да сезінді. Бұл штаттардың да кей бөліктерінде жарық өшкен.
Кэй Айви, Алабама штатының губернаторы:
Теледидардан көрсеткеннен де қорқынышты екен. Құйын соққы берген өңірлерді аралап жүрмін. Шатырлар ұшып кеткен. Бұл жерде атқарылатын жұмыс көп. Президентпен сөйлесіп, төтенше жағдайды жылдамырақ енгізуді сұраймын.
Алабамада құйын көтерілсе, Калифорния штатында желтоқсанның 26-нан бері су тасқыны сейілмей жатыр. Өңірде нөсер жауын дамылсыз жауып, дүлей дауыл соқты. Қолайсыз ауа райынан 19 адамның өмірі қиылған. Жолдар жабылып, көлік қатынасы да шектелді. Табиғи апаттан келген шығын есептеліп жатыр.
Джон Рейес, Калифорния тұрғыны:
Жолдарды су басты. Үйім биік жерде орналасқан. Су деңгейі оған дейін көтеріле қоймас деп үміттенемін. Бірақ не боларын білмейміз ғой. Сондықтан тек күту керек.
Калифорнияны демалыс күндері тағы дүлей дауыл күтіп тұр. Соңғы екі аптада штатта осындай ауа райы жеті мәрте қайталанған. Жауын осыншама көп жауғанымен, өңірде ұзаққа созылған қуаңшылық мәселесі шешілмейді. Өйткені тартылған су қоймалары әлі де толмаған.
Арай Төлегенқызы