Жетісу облысында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

13.01.2023

Жетісу облысының Көксу ауданында екі фельдшерлік акушерлік пункт пайдалануға берілді.

Екі ғимараттың жалпы құны – 240 млн теңге. Ақшатоған ауылында ашылған емдеу мекемесі заман талабымен салынып, барлық қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Енді ауылдағы ағайын аудан немесе облыс орталығына сабылмай, қажетті ем-домын үй маңынан алады. Жалпы бұл елдімекенде 800-ге жуық тұрғын бар.

Роза Ілиясқызы, ауыл тұрғыны:

Орталыққа барып жүретінбіз. Қазір, міне, өз ауылымыздан ашылып жатыр. Жақсы болды. Жағдайымыздың бәрі жақын жерден реттелетін болды. Ары-бері такси де жоқ. Қаншама қиыншылық көріп кететін едік. Рахмет!

Сондай-ақ дәл осындай фельдшерлік-акушерлік пункт Еңбекшіқазақ ауылында да тұрғындарға есігін айқара ашты. Екі емдеу мекемесі білікті мамандармен қамтамасыз етілді. Жалпы Көксу ауданына соңғы бір жылда 20 дәрігер қызметке келді. Биыл ауданға тағы 3 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пен 4 блокты-модульді кешен салу жоспарланған. Ал Жетісу облысына жыл соңына дейін жылдам құрастырылатын 23 медициналық пункт салу көзделген.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу