Қарағандыдағы 16 қабатты тұрғын үйде болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыдағы 16 қабатты тұрғын үйде болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

11.01.2023

Қарағандыдағы 16 қабатты тұрғын үйде болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнынан сынамалар алынып, зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдай қызметінің мамандары өрт себебінің алын-ала болжамын да жасады. Ал қызыл жалынды сөндіру кезінде баспанасына су кірген басқа пәтер иелері шығынды кім өтейді деген сұраққа жауап іздеп жүр. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Өрт мына 8-ші қабаттағы үш бөлмелі пәтерден шыққан. Мамандар оның себебін анықтау үстінде. Жалпы тілсіз жау салдарынан үш адам қайтыс болды. Екеуі ер адам, бірі әйел адам.

Өрт 70 жастағы зейнеткер, полиция полковнигінің пәтерінде болған. Онымен бірге жұбайы және туған ағасы қайтыс болды. Олар өз бөлмелерінде ұйықтап жатқан. Ал терезеден секіріп, төмендегі көлік үстіне түскен ұлы қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Мамандардың болжамы бойынша, өрт осы тірі қалған азаматтың бөлмесінде басталған. 

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД бастығы:
Үш бөлмелі пәтердің жатақ бөлмесінде болған. Жаңағы тірі қалған, ауруханаға жеткізілген адамның бөлмесінде болған. Ол бөлмеде жиһаздары, киім-кешек, төсектері қатты жанып кеткен. Басқа бөлмелерде ондай қатты жанған белгілер жоқ. Мүмкін ол байқамай темекісін сөндірмей ұйықтап қалды ма, әйтеуір ашық от шыққаннан сондай жағдай пайда болған. 

Үй электр энергиясына қайта қосылып, түтін басылған соң тұрғындардың алды пәтеріне оралды. Алайда кейбірі баспанасын көріп жағасын ұстаған. 

Еркін Құсайынов, қала тұрғыны:
Анау зал, мынау жер, балкон барлығы қап-қара, шынысы сынған. Су құйған ғой мына полдың барлығын ашып. Бұған қалай ораламыз.? Мынаны жөндеу керек қой, енді пәтер жалдаймыз ба білмеймін. Ұл жалғыз жұмыс істейді, келін үш баламен үйде. Енді ол жалғыз өзі мынаның барлығын істей алмайды. 

Өртті сөндіру кезінде 7-ші қабаттағы Вадим Ахмедияновтың да баспанасы зардап шекті. Пәтерінің төбесінен әлі су сорғалап тұр. Қыстың көзі қырауда енді оны кептірудің өзі қиямет-қайым дейді. 

Вадим Ахмедиянов, қала тұрғыны:
Бағалаушыларды шақырып шығынды есептетуім керек. Үйдің ші малмандай су, жиһаздар түгел жарамсыз болып қалды. Оның үстіне төбеден құлаған адам менің көлігімнің үстіне түскен. Оның шығыны тағы бар. 

Қазір өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Отпен немесе қауіптілігі жоғары өзге де көздермен жұмыс істеу арқылы жасалған ауыр зардаптарға әкелген бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бақытжан Құдияров, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
Аталған баптың санкциясында 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары яки 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өрт болған үйдің тұрғындарына барынша көмек көрсетуді тапсырды. Өртті өшіру кезінде су кірген пәтерлерге келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.

 Руслан Нұрланұлы 

Хабарламаларға жазылу