Қаңтардың алғашқы күндеріндегі қолайсыз ауа райы бірнеше өңір тұрғындарын әбігерге салды. Түркістан облысында жолда қалған мыңнан астам адамға көмек көрсетілсе, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары мерекені қарлы боранмен қарсы алды. Ал Қарағанды облысындағы жолдарда 80-нен астам жеңіл көлік тұрып қалған. Ел аумағында ірі автомагистральдар жабылып, қозғалыс шектелді.
Демалыс күндері Түркістан облысының аумағында қар қалың жауып, қатты боран соқты. Салдарынан Бәйдібек, Қазығұрт, Кентау, Созақ, Төлеби мен Түлкібас ауданында жолдар жабылды. 11 учаскеде полиция мен құтқарушылар тәулік бойы қызмет етті. 114 автокөлікте болған 261 адам қауіпсіз жерге жеткізіліп, Алматы бағытына қарай жол тартқан 594 автокөлік учаскелерде тұрақтады. Ондағы 800 адам мешіттерге, 400 адам жақын маңдағы қауіпсіз орындарға орналастырылды. Бірқатар ауданда қатты дауылдан электр бағаналары құлаған.
Роза Сариева, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Алдын ала есептемелер бойынша 260 электр бағанасы зақымдалған. Оның ішінде Бәйдібек ауданында 195, Қазығұрт ауданында 61, Төлеби ауданында 4. Нақты Созақ ауданында қандай жағдай екенін біз көре алмай отырмыз. Жаңа әріптесім айтып өткендей жол жабық, кіруге мүмкіндік болмай отыр.
Қарағанды облысында қар құрсауында қалған 200 адам құтқарылды. Оның 43-і бала. Өткен түнде аймақтағы жолдарда 80 жеңіл көлік тұрып қалған. Абырой болғанда құтқарушылар дер кезінде жетіп, далада қалған жолаушыларды түгелдей қауіпсіз жерге апарды. Зардап шеккендер жоқ. Ал Ақтау елді-мекеніндегі үш жүкті келіншек Теміртаудағы перзентханаға жеткізілген.
Ал еліміздің Шығысында соңғы үш тәулікте дауыл тоқтаусыз соғып тұр. Облыстық маңыздағы 7, ал республикалық дәрежедегі 2 жолдың біраз бөлігі уақытша жабылған. Жалпы, елімізде ауа райының нашарлауына байланысты 100-ден астам жол учаскесі жабылды. Жолдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық штаб құрылды. Соңғы тәулікте 146 техника қар құрсауынан шығарылып, жолда қалған барлық адамға көмек көрсетілді.
Қуаныш Қанатұлы