Түркияда оқитын қазақтар «Бірлік» ұйымын құрды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда оқитын қазақтар «Бірлік» ұйымын құрды

29.12.2022

Әлемнің әр түкпірінде оқитын қазақ жастары елімізді шетелде танытуға үлес қосып келеді. Мәселен Түркияда білім алып жүрген жастар «Бірлік» атты ұйым құрып, студенттерге ұйтқы болып жүр. 

Аслан Стамбұлдағы Мармара университеті экономика факультетінің 4 курс студенті. Сондай-ақ «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы. Сабақтан тыс кезде көбінесе осы ұйымның жұмыстарымен жүреді. Белсенді жастармен жиі кездесіп, алдағы жоспарларды пысықтайды. 200-ден аса мүшесі бар ұйым тек Стамбұл емес, көршілес жатқан бірнеше қаланың студенттерімен де жұмыс істейді.

Аслан Серік, «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы:

Тек қана Стамбулда емес біз биылдан бастап филиалдарымыз басқа қалаларда да жұмыс істеп жатырмыз. Ялова, Бурса, Сакария, Стамбул осы 4 қалада жұмыс істеп жатьырмыз. Жалпы мақсатымыз ауызбіршілік, ұлтжандылықты дәріптеу өзара қамқорлық пен қолдауды дамыту, студенттік шағымызды барынша пайдалы өткізу.

Бүгін де жастар сабақтан соң арнайы жиналып, алдағы бір шараны қызу талқылап отыр. Олар жас та болса әр іске жауапкершілікпен, тиянақты қарайды. Осының нәтижесінде бүгінге дейін ұйымдастырған шаралары пайдалы әрі қызықты өткен.

Ақерке Кирбаева «бірлік» жастар ұйымының мүшесі:

Ең алғашқы табиғат аясында тимбилдинг ұйымдастырған болатынбыз, одан кейін жақында Республика күнін өткіздік. Бұғазда, Бұғаз көпіріне Қазақстанның туын желбіретіп көрсеткен болатынбыз. Тәуелсіздік күніне де басқа қалаларда Стамбұлдағы Бас консулдықтың қолдауы арқылы шаралар өткізіліп жатыр. Жақын арада Наурызға да үлкен шара өткізсек деген ойдамыз. Түркиядағы жастар арасында футбол жарысы, кітап жарысы осындай жарыстар ұйымдастыру ойымызда бар.

Ата анадан алыста, елден жырақта жүргендіктен жастар жан-жағынан қолдау, демеу күтеді. Бірлік ұйымы жаңа келген студенттердің шет елге тез бейімделуіне, білмегенін үйренуіне көп ықпал етеді дейді оның мүшелері.

Дидар Оқас, «Бірлік» жастар ұйымының мүшесі:

Ең бірінші келген сәттен бастап «Бірлік» жастар ұйымы туралы естідім. Өте қобалжу үстінде болдым, себебі жырақта жүрген соң бір жылулық іздейді екенсің. Сондықтан осы ұйымға жазылғым келді. Аллаға аманат етіп жіберді ғой ата анамыз, ата анамыз жіберген соң ағалы-әпкелі болып бір бірімізді жетелеп жүргеніміз дұрыс деп ойлаймын.

Алаш арыстарының ізімен «Бірлік» ұйымын құрып, шет мемлекетте Қазақ елінің мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген жастарға Стамбұлдағы консулдық та қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Боламын деген балалардың бетінен қақпай белін буып, сенім білдіру жастардың да жігерін қайрай түсері анық.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу