Мәжіліс отырысы: Биыл елде 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс отырысы: Биыл елде 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

28.12.2022

Ауылдың жағдайын ауылдағы ағайын біледі. Жыр болған жайылым арқаға аяздай батты. Төрт түліктің төлін баққандар үшін мал - негізгі табыс көзі. Осылай деген Мәжіліс депутаттарына Ауыл шаруашылығы министрі биыл 5 млн гектардан астам жерді мемлекетке қайтардық деді. Жайылым мәселесі біртіндеп шешіледі. Ал құр цифрға сенбейміз деген депутаттардың қарсы пікірінен кейін, жиын бұрынғыдан өзгерек өтті. 

Биыл елде 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жерлер кезінде заңсыз берілген және осы күнге дейін игерілмей қалған. Құрғақ цифрдан жалықтық деген депутаттар, жердің көбі әкім қаралар мен әл-ауқаттылардың еншісіне өтіп кеткен деді. Ал оны қайтаруға ешкімнің құлқы жоқ.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қай облысқа барсаңыз жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ. Мал ұстап отырған, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Баяндамаңызда айтылған мыңдаған гектар өтірік. Аты-жөнін жазыңыздар, неге ұяласыздар тақтаға іліп қоюға.

Ал депутаттың сынына министр атқарылған жұмысты жоққа шығара алмайсыздар деген уәж айтты. Егер жер заңға сәйкес беріліп, ол игеріліп жатса - кері қайтаруға негіз жоқ. Ал жекенің меншігіне заңсыз өтіп кеткен жерлер міндетті түрде қайтарылады. Жақында мемлекетке өткен жерлер бойынша интерактивті карта жасалады. Ол барлық азаматтарға қолжетімді болады.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Әкімдердің жерлеріне тиіспей, қорғап отыр дегенді мен қабылдай алмаймын. Себебі 5,2 млн гектар жерді қайтардық. Кімнің жерлері ол? Сол бұрын әкімдердің жерлері болған. Олихаргтардың жерлері. Сот арқылы қайтарып жатырмыз, өздері де қайтарып отыр.

Е.Қошанов: Қордаланған мәселемен жан-жақты айналысу керек

Мәжілістің төрағасы жайылым мәселесіне министрлік, прокуратура, саяси партиялар, жауапты органдар мен сарапшылар бірлесе жан-жақты араласу қажеттігін айтты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Мойындауымыз керек. Көптеген ауылдар осыдан қиянат көріп отыр. Бұл ондаған жыл бойы қордаланған мәселе. Оны 1 жылда шешіліп кетеді деп айтуға болмайды. Берік Сәдлімжанұлы, келісесіз бе? Микрофонды қосып айтыңызшы «Келісемін» деп. – Ерлан Жақанұлы, келісемін! – Келіссеңіз болды.

Жайылымға қатысты атқарылған жұмыс аз емес, тек оны еселеу маңызды. Ауылда айнала – егін. Малдан қориды. Түссе, мал иесі айыппұл төлейді. Қала берді, жеке адамның меншігі. Не малшыға бермейді, не өзі пайдаланбайды. Бұл өте өзекті проблема, - деді Төраға.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Өте бір өзекті мәселені қарадық. Талқылаудың өзінің градусының жоғарылауы соны көрсетіп отыр. Министрлік жасап жатқан жұмыстар жеткіліксіз деген пікірге мен де қосыламын. Бірақ ведомство, атқарған жұмыстарын да көрсете білуі тиіс.

Қызу талқыдан кейін жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат аясында жер заңнамасын бұзған шенеуніктерге жауапкершілік күшейтіледі. Ал министр болса, келер жылы тағы 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады деп сендірді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу