2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болып бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болып бекітілді

27.12.2022

Жаңа жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің көлемі де ұлғайып, кей көмектің мерзімі ұзарады. Сонымен қатар, жәрдемақылардың жаңа түрлері де енгізілуі мүмкін. 2023 жылы әлеуметтік салада болатын өзгерістерді тілшіміз зерттеп көрді.

2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге, айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге, ал ең төменгі жалақы 70 мың теңге деңгейінде бекітілді. Бұл зейнетақы, жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдеріне де әсер етеді. Мысалы 1 қаңтардан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері 77 417 теңге боп бекітілді. Мүгедектігі бойынша жәрдемақыға келсек, I топқа – 77 889 теңге, II топқа - 62 068 теңге, III топқа - 42 190 теңге боп бекітілді. Баланың тууы бойынша төлемдердің де мөлшері көбейеді. Мәселен, бірінші, екінші, үшінші балаға төленетін жәрдемақы биыл 120 мың теңге көлемінде болса, жаңа жылдан кейін 131 мың теңгеге дейін көтеріледі. Төртінші және одан кейінгі балаларға биыл 200 мың төленсе, келер жылы 217 мың шамасында болады. Ал бала күтіміне байланысты ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері де өзгерді. Бірінші балаға 19 мың теңге, екінші балаға 23 мың теңге, үшінші балаға 27 мың теңге шамасында. Ал төртінші және одан кейінгі балаларға 30 мың теңге төленеді.

Гүлмира Жәкенқызы, Әлеуметтік қолдау департаментінің басқарма басшысы:
Бала күтімі бойынша жәрдемақы бір жастан бір жарым жасқа дейін өседі. Ол үшін ата-анаға қосымша қаражат немесе өтініш беру қажет емес. Жалпы заң 1 қаңтардан күшіне енеді. Сол 1 қаңтарда ақпараттық жүйелерде нақты алып жүрген ата-анаға автоматты түрде ұзартылады. Тек қана смс хабарландыру келеді.

Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар да көбейеді. 4 балаға 55 мың теңге, 5 балаға 69 мың теңге, 6 балаға 82 мың, 8 балаға 110 мың теңге беріледі. Ал бала саны бұдан көп болса әр балаға 4 айлық есептік көрсеткіш немесе 13 800 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.

Гүлмира Жәкенқызы, Әлеуметтік қолдау департаментінің басқарма басшысы:
Әлеуметтік кодекс біздің министрлікпен әзірленіп, тиісті процедураларын өтіп жатыр. Ол жерде жаңадан ұғым енгізілді. Ол наградталған аналар деген. Бұл аналарға өмір бойы жәрдемақы ай сайынғы тағайындалады. Оның көлемі келесі жылы 22 мың теңгені құрайды.

Ескеретін жайт, бұл аналарға жәрдемақы төлеу кезінде әлеуметтік жағдайына қарамайды. Сонымен қатар, 2023 жылы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға, қамқоршыға берілетін төлем мөлшері 56 мың теңге болып бекітілді.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу