2000 мыңнан астам тұрғыны бар Куряновск тұрғындары соңғы жылдары қара күйеден көз ашпай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2000 мыңнан астам тұрғыны бар Куряновск тұрғындары соңғы жылдары қара күйеден көз ашпай отыр

27.12.2022

Көмірдің шаңынан көз ашпай қалдық! Қарағанды қаласының маңындағы Куряновск елдімекенінің тұрғындары осылай деп арнамызға шағымданды. Айтуларынша, іргедегі кәсіпорында экологиялық талаптар сақталмайды.

2000 мыңнан астам тұрғыны бар Куряновск соңғы жылдары қара күйеден көз ашпай отыр. Бұл іргедегі кәсіпорынның кесірінен, дейді тұрғындар. Көмірді сатып алып, сапасын арттырумен айналысатын фабрикаға күн сайын ондаған жүк көлігі кіріп шығады. Осы сәтте ауаға көтерілген қара шаң ауаны да, даланы да ластап жатыр.

Әлімхан Ералиев, Куряновск ауылының тұрғыны:

2 сантиметр көмірдің шаңы тұрады. Күн ашық болғанда жолдың бәрі қап-қара болып тұрады. Анау «Казферриттен» бастап мына ауылдың шетіне шыққанша жолдың бәрі қап-қара.

Кәсіпорын 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Соңғы екі жылда экологиялық талаптарға фабрика пысқырып та қарамайтын болды, - дейді тұрғындар. Тіпті жұрт таза киіммен көшеге шығудан да қалған.

Нұргүл Салқынбекова, Куряновск ауылының тұрғыны:

Үйге сабақтан кейін ұлым келеді. Бетін жуады. Сол кезде кәдімгідей күйе болып тұрады. Бұндай бізде екі жылдан бері ғана пайда болып жатыр. Оның алдында ондай болмаған. Мынау «Казферрит» келгеннен бастап бізде өте қиындық масқара, балалар ылғи ауырады.

Тұрғындар шағымынан соң мәселеге экология департаменті араласқан. Тексеріс барысында кәсіпорын тарапынан олқылықтар кеткені анықталған.

Дархан Есжанов, Экология департаментінің басшысы:

Олар ауаны ластамау іс-шараларын атқару керек еді. Яғни, шаңды басу іс-әрекеттерін атқару керек болатын. Бірақ іс жүзінде ол атқарылмаған. Сондықтан да олар әкімшілік айыппұлға тартылды. Сонымен қатар 31 желтоқсанға дейін заңбұзушылықтарды жоюға нұсқама берілді.

Экологтар берген нұсқама бойынша кәсіпорынның атқарған шараларын қаңтар айында тағы бір мәрте тексереді. Егер талаптар орындалмаса іс сотқа жолданады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу