Бүгін Үкімет отырысында Әлеуметтік кодекстің жобасы да қаралып, қабылданды. Құжат ең бірінші халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді. Кодекс Парламенттің қарауында болғанмен, жекелеген әлеуметтік шаралар келер жылдан бастап іске асырылады. Бала күтімі бойынша төлемдер 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатындар жұмысынан айырылған кезде төленетін төлемдер орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін ұлғаяды. Отбасының цифрлық картасы жасалады. Ол мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелеріндегі деректер негізінде жасақталады. Картаны енгізу-қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Тағы бір жаңашылдық - мүгедектігі бар адамға қызмет көрсеткен отбасы мүшесі жалақы алады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Өзінің отбасында жұмыс істемейтін азаматтар болатын болса, жеке көмекші ретінде немесе әлеуметтік қызметкер ретінде рәсімдейтін боламыз. Оларға қосымша еңбекақы төлейміз. Әлеуметтік жарналарын, зейнетақы жарналарын беретін боламыз. Ертең бір тәуекел олып, ол жас қыз болып, тұрмысқа шығып, балалы боп жататын болса сақтандыру қорынан декретке шыққаны үшін, бала дүниеге әкелгені үшін қаражаттары төленіп отырады.
Дарын Сағитов