Англияда келер жылдан бастап көшеде келе жатқан нәзік жандыларға ысқыру, артынан көлікпен немесе жаяу аңдып жүру, тіпті олардың жолын бөгеу қылмыс деп саналатын болады. Және заңды бұзғандар 6 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осылайша үкімет қоғамдық орындарда қыз-келіншектердің мазасын алатындардың жолын кесуді жоспарлап отыр.
Әлеуметтанушылар жүргізген сауалнамаға сәйкес, әйелдердің үштен екісі түнгі уақытта жалғыз жүруге қорқатынын айтқан. Прокуратураның мәліметтерінше, көбіне 34 жасқа дейінгі нәзік жандылар осы тектес қылмыстың құрбаны болатыны, бірақ полицияға шағымдана бермейтіні анықталған.
Суэлла Браверман, Ұлыбритания ішкі істер министрі:
Жыныстық азғындықтан туындайтын қылмыстық әрекеттер онсыз да заңмен қудаланады. Бірақ бұдан былай көшедегі мәдениетсіздіктерге де тосқауыл қойылып, халық бұл туралы полицияға көбірек шағым түсіреді деп үміттенеміз. Әрбір қыз-келіншек көшеде келе жатып, өзін қауіпсіз сезінуі керек.
Марина Бекенова