Келесі жылдан бастап жер қойнауындағы табиғи байлықтардың цифрлық картасы жасала бастайды. Яғни Қазақстандағы геологиялық зерттеулердің нәтижесі біріңғай базаға енгізіліп, kaznedra.kz сайтында жарияланады. Бұл деректер кез-келген инвестор көріп, зерделей алуы және ашықтық үшін керек.
Осы жұмысты жүзеге асыру мақсатында Экология министрлігі тау-кен саласындағы жетекші компаниялармен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Министр Серікқали Брекешевтің сөзінше, «Қазақмыс», «Қазцинк» және ERG компаниялары келер жылы 10 миллиард теңгеден астам инвестиция құймақ.
Бұл қаражатқа жер қойнауын геологиялық зерттеу саласындағы озық халықаралық тәжірибелер енгізіліп, геологиялық ақпаратты өңдеу мен талдауға қажетті цифрлық технологиялар орнатылады. Өзара ынтымақтың негізгі мақсаты- Қазақстанның минералдық-шикізат базасын толықтыру.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
Жұмыс барысында ең жаңа әрі озық технологиялар қолданылады. Біздің серіктестеріміз де осы салада үлкен тәжірибеге ие. Нәтижесінде біздің ұлттық геологиялық база дүниежүзілік деңгейге шығады.
Серік Селеубай