27 қалада кәріздік-тазарту ғимараты жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

27 қалада кәріздік-тазарту ғимараты жоқ

27.12.2022

Еліміздің 27 қаласында кәріздік-тазарту ғимараты жоқ. 41 шаһарда мұндай нысандардың 60 пайыздан астамы тозып кеткен. Кейбір қалаларда 90 пайыздан асады. Олардың қатарында Көкшетау, Семей, Қонаев, Арқалық бар.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Президент тапсырмасымен алдағы 5 жылда кәріздік-тазарту ғимарттары салынады. Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалаларында жобаларды іске асыру басталды. Ал келесі жылы Ақтау, Ленгер және Шымкентте 3 нысанды салуға қаражат қаралып отыр. Қалған 62 қала бойынша тиісті министрлік қаржыландырудың екі тәсілін әзірлеген.

Біріншісі – халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын мемлекеттік кепілдікпен тарту. Аталмыш тәсіл халық саны 45 мыңнан асатын 26 ірі қалаға қолданылады. Екіншісі – республикалық бюджеттен трансферттер бөлу. Бұл халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын шаһарда жүзеге асатын болады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Индустрия министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, 1 айда әрбір жобаны іске асыру кестесін бекітсін және олардың орындалу барысы туралы Үкіметке тоқсан сайын хабарлап тұрсын. Жобаларды іске асыру мерзімдерін оңтайландыру жағын тағы да қарап шығу керек. Өңір әкімдері кәріздік-тазарту құрылыстарының жобаларын уақытылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз етсін.

Сондай-ақ бүгін Үкімет отырысында Әлеуметтік кодекстің жобасы қабылданды. Құжат ең бірінші халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді. Кодекс Парламенттің қарауында болғанмен, жекелеген әлеуметтік шаралар келер жылдан бастап іске асырылады. Бала күтімі бойынша төлемдер 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатындар жұмысынан айырылған кезде төленетін төлемдер орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін ұлғаяды. Тағы бір жаңашылдық - мүгедектігі бар адамға қызмет көрсеткен отбасы мүшесі жалақы алады. Отбасының цифрлық картасы жасалады. Ол мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелеріндегі деректер негізінде жасақталады. Картаны енгізу қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу