Еуропалық Одақ елдерінде тұтынушы несиесінің көлемі 20 пайызға көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақ елдерінде тұтынушы несиесінің көлемі 20 пайызға көбейген

25.12.2022

Ал өзге мемлекеттерде несие беру саясаты қандай? Еуропалықтар мен түркиялықтар кредит алғыш па? Мұны Бельгия мен Түркиядағы әріптестерімнен білсек.

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қаржылық сауаттылығы жоғары еуропалықтар қымбат ұялы телефонды, жиһаз мүлікті, жалпы тұрмыстық қажеттілігін қарыз алып, қанағаттандыруға аса құмар емес. Еркіндікті қалайтын қарт құрлық тұрғындары банктердің «қаржылық тұтқынына» айналудан қорқады. Дегенмен, соңғы екі жылда Еуропалық Одақ елдерінде тұтынушы несиесінің көлемі 20 пайызға көбейген. Әдетте еуропалықтар тұтынушы несиесін көлік алуға, оқуына төлеуге немесе саяхаттауға алатын. Биыл энергетикалық дағдарыстан, инфляциядан қиналған тұрғындар коммуналдық төлемдерді төлеу үшін, айлыққа дейін амалдау үшін кредит алуға мәжбүр болуда-дейді мамандар.Сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.

Антонио Бускардини, Несие мәселесі бойынша сарапшы:
Қарт құрлықтың несие нарығында бәсекелестік өте жоғары. Қаржы ұйымдары тұтынушы үшін таласады. Бірақ, еуропалықтар өте сақ. Пайыздық мөлшерлеме төмен болса да, ойланбастан тұтынушылық кредит ала бермейді. Жалпы, банктер тұтынушы несиесін 7-8 пайызбен беріп жатыр. Микрокредиттік ұйымдарда ставка 9-17 пайыз аралығында.

Еуропа елдерінде ипотекалық несие, тұтынушы несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмен болғанмен, оны алу үшін талап жоғары. Қарыз алушының несие тарихы бүлінбеген, тұрақты табыс көзі болуы шарт. Тұтынушыларды қорғау үшін Еуропалық парламент биыл заңды қатайтып, микрокредиттік ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейтті. Олар несиені онлайн оңды-солды тарата бермей, азаматтың төлем қабілетін жіті тексеруі тиіс және тұтынушыға қарызды қандай мөлшерде қайтаратыны жайлы жасырмай, толық ақпаратты беруге міндетті. Жаңа ереже қарыз алғысы келетіндердің санын азайтып, алаяқтардың жолын кесуге сеп болады деген сенімде, сарапшылар. Ал, Түркиялықтар қарыз алуға құмар ма?

Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркиялықтар банктен қарыз алуға аса құмар емес. Әсіресе қымбат телефон, бағалы киімді несиеге алу сирек кездеседі. Оның үстіне тұтынушылық несиенің пайызы Еуропа елдеріне қарағанда біршама жоғары. Есесіне бөліп төлеу қызметі жақсы дамыған. Барлық дүкенде кез келген тауарды бөліп төлеп алуға болады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, халықтың көпшілігі негізінен баспана мен көлікті несиеге алады. Себебі олардың бағалары шарықтап тұр. Мамандардың айтуынша, әсіресе Стамбул, Анкара сияқты үлкен қалалардың тұрғындары несие алуға бейім. Мәселен Түркияның ең ірі шахары Стамбулда әр екінші тұрғынның банкке берешегі бар. Оның үстіне кейінгі жылдары шағын қаржылық ұйымдар шарттары жеңіл несие бере бастады. Бұл өз кезегінде несие алғандар санын көбейтіп қана қоймай, оны қайтара алмай қара тізімге енгендердің қатарын да арттырған. Қаржы министрлігінің ақпаратына сай Түркияда қарызын қайтармаған 3 млн 900 мың адамның деректері коллекторлық компанияларға тапсырылған. Пандемия тұсында Түркия билігі жұмысы тоқтап қалған шағын кәсіпкерлер мен жеке адамдарға арзан несие таратқан еді. Экономистер бұл көмек уақытша жеңілдік болғанымен, қарызын қайтара алмайтын борышкерлер қатарын көбейтті деп отыр. Бұл мәселені шешу үшін биыл ел үкіметі қайтарылмаған несиелердің пайызын азайтып, төлем уақытын создырды. Сондай-ақ, берешегін өтей бастаған тұрғындар қара тізімнен шығарылатын болды.


Хабарламаларға жазылу