Қазақстанда жаңа «Respublica» пайда бола ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жаңа «Respublica» пайда бола ма?

25.12.2022

Қазақстанда жаңа «Respublica» пайда бола ма? Осындай атау таңдаған саяси ұйым әлі ресми тіркеуден өткен жоқ. Дегенмен, Әділет министрлігі «Respublica» саяси партиясын құру туралы хабарламаның келіп түскенін растап отыр. Бұл ұйымға белгілі кәсіпкерлер кіріп отыр. Төрағасы – Айдарбек Қожаназаров. Тең төрағалары: Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шүкіжанова, Қуаныш Шоңбай және Бейбіт Әлібеков.

Ал үш апта бұрын «Байтақ» партиясы мемлекеттік тіркеуден өткен еді. Саяси ұйымның жетекшісі Азаматхан Әміртай «Апта»-ға берген сұхбатында партияның қалай құрылғанын және негізгі мақсаттарын айтып берді.

Азаматхан Әміртай, «Байтақ» партиясының төрағасы:
Қазір партия құру құжаттарын жеңілдетті ғой. Бірақ, біз партияны ескі заңмен құрдық. 20 мың мүше, 1000 адаммен сьез өткіздік. Оларға партия деп келсең бірден теріс қарайды. Біздің ерекшелігіміз қоршаған ортаны қорғау, адам денсаулығы деп, адам жүрегінен орын таптық. Ең бастысы, бұл қоршаған ортаны қорғау, жасылдар партиясы деген әлемдік стандарт. Әлемнің әр елінде бар. Өзбекстанда экологиялық партиясы, олар парламентте отыр.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу