Осы аптада елордада Орталық Азия медиа форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада елордада Орталық Азия медиа форумы өтті

25.12.2022

Орталық Азия елдері арасында түрлі сала бойынша байланыс артып келеді. Мәселен, осы аптада Елордада Орталық Азия медиа форумы өтті. Мұндай жиын аймақта алғаш рет болып отыр. Екі күнге созылған форумның басты тақырыбы Орталық Азияға - ортақ ақпараттық алаң құру мәселесі болды. Мәселен, Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гюль ортақ ақпараттық кеңістік құрылатын болса, халықаралық ынтымақтастық нығая түсетінін айтса, Монғолияның 3-президенті Намбарын Энхбаяр Солтүстік-Шығыс Азияның да Орталық Азиямен байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

Жиынға әлемдік медианың белді өкілдері де келді. Атап айтқанда, Пулитцер сыйлығының иегері Лю Хен Шинг, әйгілі америкалық New York Times-тың 4 мәрте бестселлер иегері, бүркітші қызымыз Айшолпан жайлы «Eagle Huntress» кітабының авторы Лиз Уелш тәжірибелерімен бөлісті.

Түрлі форматтағы жиындар мен форумдардың Қазақстанда жиі өтетінін білеміз. Бірақ, Орталық Азияның медиа саласына арналған форумы алғаш рет. Сондықтан, жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. Орталық Азияға ортақ ақпараттық кеңістік құру идеясы айтылған Президент хатын мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқыды.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:
Біз жаһандану дәуірінде өңірлік ақпараттық кеңістікпен шектеліп қалмауымыз керек. Бірлескен медиа өнімдер жасап, ортақ құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу аса маңызды. Сол арқылы Орталық Азия елдерінің жасампаз идеяларымен жарқын істерін жер жүзіне танытамыз.

Жиынға 100-ден аса спикер келді. Қонақтар арасында Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гюль мен Моңғолияның 3-ші президенті Намбарын Энхбаяр бар. Екі азамат та бекер шақырылмаған. Намбарын Энхбаяр жас кезінде аудармашы-рекдактор болып қызмет етсе, Абдулла Гюль қазір фотожурналистикаға қызығып жүр екен.

Абдулла Гюль, Түркияның экс-президенті:
Әлем қазір тез дамып жатыр. Қауіпсіздік саласы бойынша геосаяси сілкініс жағдайындамыз. Осындай кезде БАҚ институты мемлекеттік басқаруға қиындық тудыратын кез келген дезинформацияны тазартады. Сондықтан, үкіметтер ашық бұқаралық ақпарат құралдарынан қорықпауы керек. Еркін БАҚ құралдары елді дұрыс басқаруға ықпал етеді. Сондықтан, Орталық Азия елдері БАҚ-ты дамытуы тиіс.

Форумда 8 бағыт бойынша талқылаулар өтті. Басымдық медиа саласындағы соңғы тенденцияларға берілді. Өйткені көпшілік әлеуметтік желілерге ауысып жатыр. Бірақ соңғы кезде телеарналардағы сапалы сараптамаларға сұраныс артқан.

Лю Хен Шинг, Пулитцер сыйлығының иегері, фотожурналист:
Орталық Азия медиа форумы өте маңызды. Осы аймақтағы елдерге ортақ мәселелерді мемлекеттер бірігіп талқылауы бәріне тиімді. Соңғы кезде аудиторияға ақпарат жеткізу әдістері жиі өзгеріп жатыр. Сондықтан, бүгіннен бастап, Орта Азияда жаңа медиа кеңістік түзіліп жатыр деп санасақ болады.

Сарапшылар фейкпен күрес тақырыбын 2 сағат талқылады. Өйткені, технология дамыған сайын жалған ақпаратпен күрес қиындап барады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің сөзінше, Қазнеттің өзінде ай сайын 150-ден астам фейк тарайды екен.

Андрей Манойло, Киберқауіпсіздік саласының маманы, профессор:
Фейктің қауіптісі - ол тез таралады. Ал, қазір ақпарат ағыны жылдам. Мысалы, 90 жылдары адам күніне 20-30 хабарлама алса, қазір 2-3 мың ақпарат алуы мүмкін. Ал, фейкпен күресудің бір жолы бір сағат ішінде антифейк тарату. Біз осы методиканы дамытып жатырмыз.

Форумның басты бағыттарының бірі - «Бейбітшілік этикасы» тақырыбы. Өйткені, қазір әлемде геосаяси жағдай толқып тұр. Британдық режиссер, «Peace One Day» жобасының авторы Джереми Гилли соңғы 30 жылда әлемде бірде бір күн тыныш өтпегенін айтты. Ал отандасымыз, танымал әнші Димаш Құдайбергеннің сөзі оны растай түскендей.

Димаш Құдайберген, әнші:
Ғалымдардың зерттеуінше, жарым мың жыл ішінде адам баласы 292 жыл ғана тыныштықта өмір сүрген деседі. Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын тартуда. Мұның барлығы бейбітшілік еткен жерлер, берекесіздік жайлайтындығының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі XXI ғасырдың да ең өзекті мәселесінің бірі болып тұр.

Сондықтан, бейбітшілік ұғымын насихаттау медианың міндеті болуы тиіс, - деді Димаш. Сондай-ақ, «Бір аспан тағдыры» бейнебаянын ұсынды. Жиында «креативті индустрия» мәселесі де көп талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов: «Бұл сала жылына 2 трлн доллардан астам табыс әкелетінін айтса, француздық «Gulli» телеарнасының сауда бөлімінің директоры Жан-Рене Окутюрье, Орталық Азияның креативті индустрияны дамытуға үлкен әлеуеті бар, - деді.

Жан-Рене Окутюрье, Француздық «Gulli» телеарнасының Сауда және брэндті дамыту бөлімінің директоры:
Біздің компаниямыз 70-тен астам елмен байланыс орнатқан. Енді қазақтілді контент жасауды бастамақпыз. Мәселен, «Тиджи» балалар арнасының қазақшасын жасап жатырмыз. Осылайша, алдымен Қазақстан, одан кейін Орталық Азияның басқа елдеріне бару жоспарда бар. Өйткені, Қазақстанда жұмыс істеу тиімді. Бұл жақта біздің жобаларға сұраныс көп.

Креативті индустрия жағынан Орталық Азияның өзі де осал емес. Мысалы, youtube платформасында әлем бойынша үздік бестікке енетін қырғызстандық «D BILLIONS» жобасы 3 жылда 25 млрд қаралым жинаған. Балалар youtube арнасы қазақстандық медиа-корпорациялармен байланыс орнатуға да мүдделі.

Эрнист Уметалиев, «D BILLIONS» youtube жобасының негізін қалаушы:
Азыр дунио жузинде рамка қоймош керек деп ойлоймын. Мен қырғызбын, мен қазақпын деп бөлінбеш керек деп ойлоймын. Аның бари ескі психология, ескі политика деп ойламын.

Жиында жасанды интеллектті медиада қолдану жайы сөз болды. Ресейлік ІТ маманы Алексей Дральдің айтуынша, жақында БАҚ-тағы кей мамандықтардың орнын роботтар басады.

Алексей Драль, Ресейдегі «Bigdata» компаниясының директоры:
Жақында қарапайым тапсырмаларды машиналар орындауы мүмкін. Мысалы, қолда бар ақпаратты өңдеп шағын текст жазу, немесе түсірілген видеоны өңдеу роботтың қолынан келеді. Алдағы 2-3 жылда бұл медиа салаға дендеп енеді деп ойлаймын.

Медиа саласындағы әйелдер рөлі мен гендерлік теңдік тақырыбы да тыс қалмады. Президент әкімшілігінің жетекшісі Аида Балаева елдегі БАҚ саласында 1700-ге жуық әйел жетекшілік қызметте, бұл жалпы басшылардың 30 пайыздан астамы екенін айтты. Ал, шет елдік сарапшылар медиа саласына қыздарды оқыту жүйесі бойынша пікір алмасты.

Зоя Зайцева, QS жаһандық серіктестік және қайырымдылық ұйымының басшысы:
Адамдар қыздардың дамуына, білімнің қосатын үлесін дұрыс бағаламайды. Орталық Азиядағы Қазақстаннан басқа елдерде соны байқауға болады. Бірақ, қыздардың қалаған мамандығын таңдауына ерік беру керек. Өйткені, оқыған қыздар саналы шешім қабылдап, сауатты өмір сүреді. Жұмыспен қатар отбасына да уақыт табады. Бұны статистика дәлелдеп отыр.

Шарада бүркітші қыз Айшолпан туралы жазылған «Eagle Huntress» кітабы да таныстырылды. Еңбектің авторы, New York Times-тың 4 мәрте бестселлер иегері Лиз Уелш Орталық Азияда Айшолпан сынды өмірі көпшілікке қызық тұлғалар көп екенін айтты. Ал, Айшолпанның өзі еліміздің мәдениеті туралы блок түсіруді жоспарлап жүр екен.

Айшолпан Нұрғайып, бүркітші қыз:
Мен шет елде көп болдым. 30 мемлекетте болдым. Әр елдің мәдениетін көрдім. Қазақ елін дәріптеу керек, тағамдарын, ерекшеліктерін көрсету керек деп ойлаймын. 

Орталық Азияға ортақ медиа платформа құрылса, ол қай тілде хабар тарауы керек деген мәселе де қозғалды. Мамандар телеарна немесе сайт ашуға Қазақстанның әлеуеті жететінін айтты. Өйткені, қазір біздің елде қазақ-қырғыз, өзбек-түрік тілдерінде хабар тарататын телеарналар бар.

Тілеген Әбішев, «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені» директорының орынбасары:
Қазіргі кезде «Жібек жолы» телеарнасы 5 тілде хабар таратады. Қазақ, орыс, ағылшын, өзбек, түрік тілдерінде хабар таратып жатыр. Орта Азия мемлекеттеріне ортақ әдеби-мәдени бағдарламалар құру.

Медиа саласында біріге жұмыс істеу аймақтағы түрлі проблемаларды оңай шешуге ықпал етеді. Ал, бұл жиын соған жасалған алғашқы қадамдардың бірі.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Тек қана форумды өткізіп қана қоймай, бұның болашақта жалғасуын күтеміз. Тұрақты платформаға айналдыру жөнінде ұсыныстар бар. Сонымен қатар Николодиан, Тиджи сынды үлкен компаниялармен кездесулеріміз бар. 

Танымал журналистермен сарапшылар тәжірибе алмасқан шара бір реттік емес. «Еуразиялық медиа форум» сынды дәстүрлі жиынға айналуы мүмкін. Өйткені, аймақтағы медианы дамытуда бұл форумның маңызы зор, - деді мамандар.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу