Жол сапасыздығы бойынша Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жол сапасыздығы бойынша Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр

23.12.2022

Елімізде жолдардың сапасы сын көтермейтін аймақтар қатарында Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Бұл биылғы жылдың алдын ала қорытындысы. Ал жергілікті көлік жолдары Маңғыстау, Жамбыл мен Алматы облыстарында. Жалпы жергілікті жолдарды жөндеу мақсатында биыл 164 жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

Жол сапасы жөнінен ең нашар көрсеткішке ие аймақтардың бірі – Ақтөбе облысы. Жөнделген жолдардан 3 мыңға жуық сынама алынған. Оның 500-ден астамы стандарттарға сай емес. Салдарынан қара халық жол азабын тартуға мәжбүр.

Қуаныш Әлішев, көлік жүргізушісі:
Жолдың сапасы өте нашар. Бұрын мына Үшқұдық, Болгарка арқылы жүретін ек, ол жолды да үлкен машиналар жүріп, өте нашар қылып, ойып тастаған. Қандыағаштың жолы да сапасы сын көтермейді.

Облыста соңғы жылдары салынған тас жолдарға 47 мың шаршы метрдей асфальт қайта төселді. Тексеру барысында жол салынып жатқан учаскелерде инженерлер болмай шыққан. Сол үшін 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Тельман Малаев, «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының директоры:
532 ақау табылды. Соның қазір орындалмай тұрғаны 212. Бақылау уақытында асфальт-бетон жамылғысына және жол құрылысы материалдарына 224 миллион теңгеге қайта құру жасалды.

Нашар жол: Тегістеуге бағытталған 17 жоба тоқтап тұр

Ал Батыс Қазақстанда жолдардың 60 пайызы нашар. Сынға ұшыраған әкімдерге бірнеше мәрте ескерту жасалған. Бірақ соған қарамастан шұрық-тесік жолдарды тегістеуге бағытталған 17 жоба тоқтап тұр. 3 млрд теңгеден астам қаржы игерілмей, бюджетке кері қайтарылды. Тағы 6 жоба бойынша мердігерлер анықталмай, кейбірі соттасып, жоспар іске аспай қалды.

Темірхан Меңдіғалиев, облыс әкімінің орынбасары:
Битум тапшы, материалды тасымалдау үшін вагондар жетіспейді. Соған қарамастан, биыл 246 шақырым жол жөнделіп, нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 39%-дан 46%-ға жетті.

Министрлік өкілі салғырттық танытқан мердігерлер қайта жұмысқа тартылмайды деп отыр. Әкімшілік жауапкершілікте қаралған. Биыл елде 2 жарым мың шақырымдай жергілікті жол жөнделді. Солтүстік Қазақстандағы «Лавровка-Чкалово» жолының 160-168 шақырымдары қалыпқа келтіріледі. Қызылорда облысында «Әйтеке би-Басықара» бағытындағы көпір жөнделді.

Нұрболат Қуандықов, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы:
Сапасы төмен өңірлерге республикалық бюджеттен айтып отырғанымдай, жоғарыландырылған бөлікте қаржыландыру жүргізіледі. Жылдың соңы бойынша әрқашан біз оларды бақылаудан өткізіп, облыстың бірінші басшыларына тиісті ескертулер жеткізліп, жоспарланып отырады.

Жергілікті желіні дамыту үшін елде ұзын саны 486 жоба қолға алынған. Келер жылы 5 мың шақырымға жуық жергілікті жолдар жөндеуден өтеді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу