Агломерацияға алғашқы кезеңде 3 қала кіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агломерацияға алғашқы кезеңде 3 қала кіреді

22.12.2022

Агломерация құрамы мен оның тізбесін Ұлттық экономика министрлігі жасайды. Бүгін Сенат тиісті заң жобасын мақұлдады. Құжатта елдімекендерді агломерацияға жатқызу өлшем шарттарын енгізу ескерілген. Ірі қалалардың әкімшілік мәртебесі, демографиялық сыйымдылығы, логистикалық және экономикалық әлеуеті нақтыланады.

Соңғы 10 жылда Астанада халық саны 59, Алматыда 37, ал Шымкентте 67 пайызға өскен. Бұл шаһар аумақтарының ұлғаюына ықпал етіп отыр. Мысалы, елорданың жер аумағы 3 есе, Алматы 2,5 есе, Шымкенттің территориясы 3,5 есе кеңейді. Құжат аясында шаһарға қарасты ауылдарды көркейту үшін қаржы бөлінуі мүмкін.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Құрылыс, сәулет, көліктік мәселелерді бірелсіп шешуге мүмкіндік береді осы заң жобасы. Агломерацияға кіретін әлеуеті Ақтөбе қаласы бар, Қарағанды қаласы бар. Халықтың саны 500 мың адам болу керек.

Заң жобасы халықтың қалаға үдере көшуін бәсеңдетуді де көздейді. Тұрғындарды ірі қалаларға шоғырландыру мен перифериялық аймақтармен қарым-қатынасты реттеу тетіктері қарастырылған. Шаһарларды жылу, ауыз су, электрмен қамту және әлеуметтік нысандар салу жұмыстарын ұтымды жүргізу қамтылған. Әкімдіктерде агломерацияны реттеу жөнінде консультативтік кеңестер құрылады.

Әлімжан Құртаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Заң шеңберінде Алматы қаласында белгіленген лимиттің төңірегінде шетелдік қаржы институттарынан қаржы қарастыру мәселесі де қарастырылып отыр. Бұл да Алматы қаласының проблемалық мәселелеріне өз септігін тигізеді деген ойдамыз.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу