Басты Жаңалықтар Жер дауы: Алматылық 100-ден астам отбасы баспана тұрғыза алмай отыр

Жер дауы: Алматылық 100-ден астам отбасы баспана тұрғыза алмай отыр

Алматы облысында 100-ден астам отбасы сатып алған жер телімдеріне баспана тұрғыза алмай отыр. Себебі аталған массивті пайдалануға шектеу қойылған. Сондай-ақ оның бұрыңғы иелері сотқа шағымданып, жерді меншігіне қайтаруға ниетті. 270 гектарға таласып, қырық пышақ болған екі тарап пен тиісті мекеме өкілдерін тыңдаған тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.

Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округінің тұрғындары тамыз айында Жаңатұрмыс елдімекенінен 5 сотықтан жер алған. Арада бірнеше ай өткенімен, әлі күнге үй сала алмай отыр.

Әділбек Қоңырбекұлы, ауыл тұрғыны:
Қарасай ауданының жер басқармасы бізге үй салуымызға рұқсат бермей отыр. Бұл жерде қандай сыр бар? Бізге жұмбақ.
Ермек Әділбек, ауыл тұрғыны:
Өзім пәтер жалдап отырмын. Жас отбасымыз. Жақында туған балам бар. Мен қалайда көктемге қарай бұл жерге үй салуым керек. Үйсіз жүрмін. Жиған-тергеніме осы жерден жер алдым.

Тұрғындар жердің сотығына 1 млн теңгеден төлеген. Араларында несие алып, шығынға батқандары да бар. Айдана Қалыбекқызы үй салып, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген мақсатпен 6 гектар жер алған. Қолында барлық құжаты болғанымен, заңды түрде учаскеге иелік ете алмай отыр.

Айдана Қалыбекқызы, ауыл тұрғыны:
Әкімдікке хат жазсаң 15 күн, 10 күн күтіңіз дейді. 5 желтоқсаннан жазып жатырмыз. Тиісті шара қолданып отырған жоқ. Қанша күту керек сонша күтіңдер деп отыр.

Жаңа тұрмыс ауылында орналасқан жер массиві 2002 жылы елдімекендегі ірі кәсіпорында еңбек ететін жұмысшыларға үлестірілген. Дегенмен кәсіпорын жабылған соң, жер талан-таражға түсіп, ақыр соңы жекеге сатылып кеткен. Қазір сол жұмысшылар өздеріне тиесілі жерлерін талап етуде.

Ләззат Жапашова, жұмысшылардың ресми өкілі:
Қаулылары тұр қолдарында, 8 сотықтан бергені туралы шешімдері тұр. Бірақ, соған қарамастан өтірік айтып халыққа жерлерді сатады.

10 жылда дауы бітпеген жерге қатысты биыл көктемде облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Тиісінше аудандық сот тарапынан оны пайдалануға шектеу қойылған. Десе де, тамыз айында 60 гектардан астамы сатылып кетеді. Бұл базаға енбей қалған жер телімдері дейді, аудандық прокуратураның аға прокуроры. Айтуынша, жерді саудаға салғандар анықталыпты.

Дәурен Райымқұлов, Қарасай аудандық прокуратурасының аға прокуроры:
Қазір ол кісілердің барлығының аты-жөні анықталды. Ол кісілер жер иелері сияқты анадан сатып алдым, мынадан сатып алдым дейді. Сол себепті бізге толығымен талдау жүргізу керек. Қай жерден шықты, кімнен кімге сатылды. Анықтаймыз.

Қазір 274 гектардың 64 гектарына қатысты сотқа талап арыз жолданған. Жер үлескерлерге беріле ме немесе оны сатып алғандардың меншігінде қала ма? Қос тарапқа да сот шешімін күтуден басқа амал жоқ.

Нұрсұлтан Тілектес

Бөлісу