Бүгін Орталық Азия медиа форумы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Орталық Азия медиа форумы аяқталды

21.12.2022

Бүгін екі күнге созылған Орталық Азия медиа форумы өз мәресіне жетті. Алыс-жақын шетелден келген медиа саласының мамандары өңірдегі өзекті мәселелермен қатар жаңа мүмкіндіктерді қолдану жолдары туралы айтты. 

Орталық Азия медиа форумының екінші күні халықаралық ұйымдардың ынтымақтастықтағы рөлі туралы панелдік сессиямен басталды. Одан кейін жасанды интеллектті медиада қолдану жайы сөз болды. Ресейден келген ІТ маман Алексей Дральдің сөзінше, жақында БАҚ-тағы кей мамандықтың орнын роботтар басады.


Алексей Драль, Ресейдегі Bigdata компаниясының директоры:
Технологияның дамуы бізге медиа саласындағы қарапайым тапсырмаларды машинаның көмегімен орындауға мүмкіндік береді. Мысалы, қолда бар ақпаратты өңдеп шағын текст жазу, немесе түсірілген видеоны өңдеу роботтың қолынан келеді. Алдағы 2-3 жылда бұл медиа салаға дендеп енеді деп ойлаймын.

Түстен кейінгі панелдік сессияларда да Орталық Азия елдері үшін өзекті мәселелер сөз болды. Оның ішінде Медиа саласындағы әйелдер панелдік сессиясын ерекше атап өтуге болады. Мұнда сарапшылар азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі туралы айтты.

Зоя Зайцева, QS Жаһандық серіктестік және қайырымдылық ұйымының басшысы:
Адамдар білімнің, қоғамның оның ішінде қыздардың дамуына қосатын үлесін дұрыс бағалап жүрген жоқ. Өйткені, мектепте оқыған қыздың өзі саналы шешімдер қабылдап, сауатты өмір сүреді. Денсаулығына, отбасына жауапкершілікпен қарайды. Бұл ойдан шығарылған дүние емес. Мұны статистика дәлелдеп отыр.

Шарада бүркітші қыз Айшолпан туралы жазылған «Eagle Huntress» кітабының таныстырылымы өтті. Жиналғандарға автор Лиз Уелш туындысы туралы айтып берді. Соңғы сессияларда Медиа саласындағы білім беру қалай өзгеруі керегі талданды. Онда Ұлыбритания, Германия, Нидерландыдан келген сарапшылар өз ойларын ортаға салды.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу