Теріскейде жалғыз адам мекендейтін 10 ауыл тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде жалғыз адам мекендейтін 10 ауыл тіркелген

18.12.2022

Айгүл Жаукинаның екі иттен басқа серігі жоқ. 4 жылдан бері Есіл ауданындағы Жаңалық ауылында жалғыз өзі тұрып жатыр. Несиеге 80 жылқы сатып алған. Жазда жұмысшылармен бірге өзі бағады, қыста тебіндікке жібереді. Ауылда азын-аулақ мал үшін тұрып жатыр. Қалаға кеткісі жоқ.

Айгүл Жаукина, Жаңалық ауылының тұрғыны:
Балам мен келінім айтады, бәрін сат, қой, жасың кеп қалды. Алматыға келіп тұрсаңшы дейді. Көшіп кел дейді. Әзірге істей тұрам ғой. Денсаулық сыр бермесе болды. 

Жалғыз адам қалған ауылда жайылымдық жер жетерлік. Айгүл Жаукинаның ауылдан кетпеуінің басты себебі де осы. Теріскейде жалғыз адам мекендейтін 10 ауыл тіркелген.

Эльмира Кәленова, тілші:
Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстандағы ауылдардың саны тым жоғары қарқынмен азайып келеді. Мәселен біз қазір Орталық ауылының орнында тұрмыз. Бір кездері дүркіреп тұрған елдімекеннен бар қалғаны мына қираған үй.

Облыста 635 ауыл бар. Тұрғындар саны 50-ге де жетпейтін 123 елдімекен біртіндеп таратылмақ. Солардың бірі – Алқа. Ауылда әзірге жарық бар, ауыз суды 40 шақырым жерден тасып ішіп отыр.

Бақыт Құсайынова, Алқа ауылының тұрғыны:
Біреулер келеміз деп «жол бар ма» деп сұраса, біз «бар» дейміз. Сосын не керек десе, су ала кел дейміз. Сосын су ала келеді. Явленкаға барсақ, Явленкадан ала келеміз. Қарағаштан жаз бойы. Кім қайда барады, сол жақтан алып келеді.

Мектеп – ауылдың жалғыз тірегі. Ауылдықтардың атақоныстарын тастап, туған жерден жыраққа кетуіне түрткі болатын негізгі себептердің бірі – білім ошақтарының есігіне қара құлыптың ілінуі. Бүгінгі күні Теріскейде 300-ге тарта ауылдың балалары көрші елдімекендерге қатынап оқиды.

Құрман Қоспанов, Алқа ауылының тұрғыны:
Балалардың барлығы енді ержетті. Әрқайсысы өз отбасымен, жұмыстарын істеп жатыр. Ауылға аса келмейді, ауыл бітіп қалғасын кім келгісі келеді? Ертеде қызықты болған. Қазір балаларға баратын жер жоқ. Жағдай жасалмаған.

Ауыл тұрғындарының қалаға ағылуының басты себебі – жұмыссыздық. Бұдан бөлек ауызсу, жол және телефон байланысының нашарлығы да халықты үдере көшуге мәжбүр етіп отыр.

Ниязбек Зәкіриянов, Алқа ауылының тұрғыны:
Малды міне осылай қыста ұстаймыз. Сосын жаз шыққасын енді еркіне жібереміз. Өзіміз сол малдарды кезек-кезек қарап, бағып отырамыз. Өзіміз ауылда төрт үй ғана қалдық қой. Төрт бұрышта төрт үй.

Төрт үйде 8 адам тұрып жатыр. Тең жартысы жоғары білімді. Күнкөрістің жалғыз көзі – төрт түлік. Айран-сүті мен етін ақшаға айналдырады.

Ольга Қоспанова, Алқа ауылының тұрғыны:
Табиғи өнімдер бұрынғыдай емес, қазір сұраныс күшті, алып жатыр. Мына ақ ірімшікті жеген дұрыс болады, сары ірімшікті жеген дұрыс болады. Себебі дүкенде барлығы химия ғой.

Солтүстіктегі болашағы бұлыңғыр ауылдарда 2500-ден астам адам тұрып жатыр. Мұндай елдімекендерге республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Мамандардың айтуынша, оларға ақша шығындау тиімсіз.

Жанар Ахмиева, Экономика басқармасының бөлім жетекшісі:
Тұрғыны аз ауылдарды тарату немесе біріктіру керек. Олар «ауыл» мәртебесін жоғалтқан. Сондықтан республикалық бюджеттен қаржыландырылмайды. Мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалады. Өйткені адам саны аз болғандықтан ақша жұмсау тиімсіз.

Қазақ ауылдарының басым көпшілігінің бүгінгі сиқы осы. Болашағы бұлыңғыр ауылдардың 18-і шекаралас аумақта орналасқаны көңілге күдік ұялатады. Тұрғындар шекара шебінде қалқан болып тұрған бұл елдімекендердің таратылуы елімізге қауіп төндірмей ме деп алаңдайды.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу