Ұлттық арнаның «Таңшолпан» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасы Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енді. Бүгін 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан бағдарлама қазақ телевизия тарихындағы ең ұзақ жасағандар қатарындағы телеөнімдердің бірі.
Эфир уақыты - 3 сағат. Тәуелсіздік алғалы бері халыққа таңертеңгілік көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды бағдар еткен хабар - әу баста белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бастамасымен ашылған.
Аргентина Жәнібек , Таңғы бағдарламалар дирекциясының жетекшісі:
Осы уақытқа дейін жалпы «Таңшолпан» бағдарламасы еліміздегі ең ұзақ бағдарлама ретінде КИнЭС рекордтар кітабына енетіні хабарланған болатын. Қазір біз өкілдерімен байланыста отырмыз. 1992 жылы да «Таңшолпан» ең алғаш эфирге шыққанда дәл осындай құрам болыпты, қазір де сол сақталған. Елудей адам бізде жұмыс істейді, әрқайсысының өзінің атқаратын міндеттері бар.
Қазақстан Ұлттық арнасы ақпараттан кейін іле- шала «180 минут» деп аталатын арнайы хабарды назарларыңызға ұсынады. Онда қызығы мен қиындығы қатар жүретін таңғы бағдарлама туралы мол мәлімет қамтылған.
3 сағаттық тікелей эфир кезіндегі процесс және шығармашылық ұжымның кадрдан тыс жұмыс барысы көрсетіледі. Өткізіп алмаңыздар!
Асылбек Данияр