Басты Жаңалықтар Алматы облысында 700-ден астам бала онлайн форматында білім алуға мәжбүр

Алматы облысында 700-ден астам бала онлайн форматында білім алуға мәжбүр

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылында жаңадан салынған мектеп оқушыларды қабылдауға жарамсыз. Салдарынан 700-ден астам бала үшінші жыл қатарынан үйлерінде білім алуға мәжбүр. Құрылысты қабылдап алған кім? 1,6 млрд теңге жұмсалған мектеп ғимараты неге сыр берді?

Алтын Жұмақованың 6 баласы бар. Оның төртеуі - оқушы. Үй шаруасындағы ананың сабақ оқытып отыруға уақыты бола бермейді. Салдарынан перзенттерінің оқу үлгерімі нашарлап кеткен.

Алтын Жұмақова, ауыл тұрғыны:

Үш баламен қиын, төрт балам бар оқитын. Кішкентайым кіргісі келмейді. Мен оқығым келмейді, мен түсінбеймін дейді.

Мектеп осыдан үш жыл бұрын қолданысқа берілсе де оқушылар мұнда толлықанды білім ала алмапты. Нысан алдымен пандемияға байланысты, одан кейін екі рет күрделі жөндеуге жабылған.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қыруар қаржыға салынған мектептің бүгінгі жай-күйі осы. Бірінші қабатының едені қопарылып, топырағы шығып жатыр. Бұл жөндеу жұмыстарына дайындық кезеңі екен. Дегенмен тұрғындар нысан түбі құлайды деп алаңдап отыр. Өйткені ғимарат 60 сантиметрге шөккен. Мамандардың айтуынша, оларға жер асты суларының жақын орналасуы себеп.

Құрылысты аудандық әкімдік қабылдап алған. Тапсырыс берген де осы мекеме. 1,6 млрд теңгеге келісім жасалған. Мәселеге қатысты жауапты бөлім мамандарынан түсініктеме беруден бас тартты.

Қазір мектептің құрылысына қатысты арнайы сараптама жүргізіліп жатыр. Ал, оқушылар тек соның қорытындысы шыққанда ғана офлайын форматқа ауысуы мүмкін.

Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы:

Компания өз есебінен жүргізеді. Облыстық әкімдік тарапынан Сәулет және құрылыс бақылау басқармасы басшысына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.

Қордаланған мәселе көп мұнда. Ғимараттың бірінші қабатын қайта бұзған жалдамалы жұмысшылар жалақыларын ала алмай жүр. Сондықтан нысанда шаруа тоқтап тұр.

Ғабит Әміров, жұмысшы:

Бізге 1,5 млн қарыз олар. 15 адам қазір тоқтаттық бәрін. Ақшамызды бір апта болды алмадық. Әне береміз, міне береміз дейді.

Мәселе жуық арада шешілмейтін болса, ата-аналар ауылдағы ескі мектепке қайтаруды сұрап отыр. Бірақ ол да бірнеше жыл қараусыз қалып, әбден тозған. Ал, жөндеуі бітпейтін жаңа білім ошағы әзірге апатты деп танылмай отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Бөлісу